Таразда кесарь тілігінен кейін жағдайы нашарлаған бес баланың анасы қайтыс болды

Бүгін, 18:36 / Ахмет Қанатұлы
Halyqstan

Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта кесарь тілігі арқылы босанған 37 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды Arasha.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, әйелдің жағдайы операциядан кейін екі күн өткен соң күрт нашарлаған. Оның дене қызуы көтеріліп, кейін қанға қауіпті инфекция тарағаны айтылған. Келіншек он күннен астам уақыт жансақтау бөлімінде жатса да, дәрігерлер оны аман алып қала алмаған.

Туыстары әйелдің перзентханаға дені сау күйінде өз аяғымен барғанын айтады. Сондай-ақ олар ота жасау үшін медицина қызметкерлері ақша сұрады деп мәлімдеген.

Марқұм сөйлей алмай қалған кезде күйеуіне жазған хаты да жарияланды.

"Мені бұл жерден тезірек басқа жаққа алып кетші. Үш күннен бері сусыз жатырмын. Алып кетші, өлетін болдым", – деп жазған ол.

Отбасының сөзінше, әйел перзентханаға алғаш келгенде дәрігерлер оның өздігінен босана алатынын айтып, үйіне қайтарған. Кейін жүктілік мерзімі 40 аптадан асқан соң, нәрестенің салмағы үлкен деген себеппен кесарь тілігі жасалған.

Марқұмның күйеуі Елдос Есеев жұбайының бұған дейін төрт баласын табиғи жолмен босанғанын жеткізді.

"Оны дені сау күйінде өз көлігіммен алып келдім. Алдыңғы төрт баласын да осы перзентханада өзі босанған. Бесінші баласын кесарь тілігімен босанғаннан кейін жағдайы осындай болды", – деді ол.

Жақындары әйелге инфекция медициналық мекемеде жұғуы мүмкін деген күдігін білдіріп отыр. Ал дүниеге келген сәбидің жағдайы жақсы екені хабарланды.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы ана өліміне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізеді.

"Ана өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін анықталады", – деді басқарма өкілі Айжан Терлікбаева.

Марқұмның артында бес баласы қалды. Бұл – биыл Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында тіркелген екінші ана өлімі.

Тэгтер:

тараз