Астана маңындағы Софиевка ауылында орналасқан QULATAY ат спорты кешенінде соңғы екі айда екі ауыр оқиға тіркелді. 10 мамырда 20 жастағы жігіт аттан құлап, ауыр жарақат алды. Ал маусым айында 19 жастағы қыз дәл осы кешенде аттан құлап, бірнеше сүйегін сындырған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Екі оқиғадан кейін де зардап шеккен тараптар ипподром басшылығы тарапынан қолдау болмағанын айтып отыр. Arasha.kz екі оқиғаға қатысты мән-жайды анықтап, зардап шеккендердің бірімен тілдесті. Сонымен қатар редакция ипподром басшылығынан пікір алуға тырысты.
Бірінші оқиға: 20 жастағы жігіт ауыр жарақат алды
10 мамыр күні 20 жастағы Дінмұхамед QULATAY ат спорты кешенінде топтық шабыс кезінде аттан құлаған. Оның отбасының әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, жігіт мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, бірнеше операциядан өткен.
Желіде жарияланған мәліметте туыстары оқиға орнында алғашқы медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілмегенін алға тартады. Сондай-ақ олардың айтуынша, осы уақытқа дейін ипподром өкілдері ауруханаға келмеген, жағдайын сұрамаған және ешқандай көмек ұсынбаған.
Arasha.kz тілшісі Дінмұхамедтің туысымен байланысып, қазіргі жағдайын сұрады.
Олардың айтуынша, жігіттің жағдайы әлі де ауыр. Сондай-ақ отбасы құқық қорғау органдарына арыз бергенін, қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Екінші оқиға: «Көмектесеміз деді, кейін байланысқа шықпай қойды»
Бірінші оқиғадан кейін көп ұзамай дәл осы ипподромда тағы бір адам жарақат алған.
19 жастағы Ақбота Слямова Arasha.kz редакциясына берген жауабында аттан құлап, иығы мен жауырын сүйегінің сынғанын айтты.
Оның сөзінше, алғашқы кезде ипподром өкілдері өздері хабарласып, көмек көрсететіндерін айтқан.
«Маған арыз жазбаңыз, көмектесеміз деді. Кейін өздері мүлдем байланысқа шықпады. Ағам барып сөйлескенде, құлағандардың бәріне ақша бере беруіміз керек пе?» деген жауап алған. «Содан кейін ғана арыз жаздым», - дейді Ақбота.
Ол сондай-ақ оқиға алдында қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілмегенін айтады.
«Инструктаж болған жоқ. Тек қағазға қол қойғызды. Алғашқы көмек ретінде ауырсынуды басатын дәрі беріп, қолымды байлап қойды» -дейді ол.
Қазіргі таңда Ақбота үйінде ем қабылдап жатыр. Оның айтуынша, дәрігерлер оған дәрумендер мен ем-дом тағайындаған. Ол иығы мен жауырын сүйегінің сынғанын жеткізді.
Редакцияның «QULATAY» басшылығы кейін қандай да бір көмек көрсетті ме? деген сұрағына Ақбота:
«Жоқ, мүлдем болған жоқ. Ауруханаға да келген жоқ», - деп жауап берді.
Редакция пікір күтіп отыр
Arasha.kz редакциясы аталған екі оқиғаға қатысты QULATAY ипподромының директорына ресми сауал жолдап, пікір алуға тырысты. Сонымен қатар әкімшімен де байланыс орнатылды.
Әкімшінің айтуынша, директор бірнеше күннен бері бос емес болғандықтан, әзірге жауап бере алмайды.
Материал жарияланған сәтке дейін ипподром басшылығынан ресми түсініктеме алынған жоқ.
Редакция QULATAY ипподромының ұстанымын жариялауға дайын және жауап келген жағдайда материал толықтырылады.