Анимация – ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін өнер

13 шілде, 2026 / Камила Дүйсен
жеке архив

Баланың дүниетанымы бүгінде тек отбасы мен мектепте ғана емес, экран арқылы да қалыптасады. Сондықтан анимацияның мазмұны, көркемдік деңгейі және көтеретін құндылықтары қоғам үшін маңызды тақырыпқа айналып отыр. Қазақ анимациясының қазіргі даму бағыты, шығармашылық ізденісі және алдағы міндеттері жөнінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің басшысы Айкен Жамбыловамен сұхбаттастық.

– Соңғы жылдары балалардың контент тұтыну дағдысы айтарлықтай өзгерді. Осындай жағдайда қазақ анимациясының алдында қандай жаңа талаптар пайда болды?

– Рас, қазір балалардың талғамы өзгерді. Олар әдемі графикасы бар, қызықты оқиғалы мультфильмдерді көргісі келеді. Сондықтан қазақ анимациясы да заман талабына және көрермен сұранысына сай болуы керек. Осы ретте, соңғы екі жылда қатарымызға жас суретші-аниматорлар қосылып, заманауи анимациялық мультфильмдер жасап шықтық. Солардың бірі «Үйім қайда?» сериялы мультжобамыз жасөспірімдердің көңілінен шықты. Оның тизерінің өзі әлеуметтік желілерде он мыңдаған лайк жинап, оң бағасын алды. Десе де, анимация саласында атқаратын әлі бірталай шаруа бар. Солардың қатарында мультжобаларымыздың визуалымен қатар мағынасына да басым назар салу. Яғни мақсатымыз шетел анимациясына еліктеуден бас тартып, өзіміздің мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, тарихымызды көрсететін жаңа туындылар жасау. Айта кетелік, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі кішкентай балаларға ғана емес, түрлі жас санатындағы ауторияға арналған жобалар жасап жатыр.

–  Сіздіңше, қазақстандық анимацияның өз артықшылығы неде және оны қалай күшейтуге болады?

– Қазақстандық анимацияның ең үлкен артықшылығы – халқымыздың бай тарихы, аңыз-әпсаналары, ертегілері мен ұлттық құндылықтары. Осындай мол рухани мұраның негізінде әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, өзіндік қолтаңбасы бар анимациялық туындылар жасауға толық мүмкіндік бар.

Бұл саланы дамыту үшін талантты жас мамандарды жан-жақты қолдап, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және халықаралық әріптестермен бірлескен жобаларды көбейту маңызды.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда байқаған бір мәселе бар. Жас аниматорлардың арасында қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен мәдениеті туралы таным алдыңғы буынмен салыстырғанда кемшін екені байқалады. Олардың көпшілігі шетелдік анимацияға еліктеп, сол стильге бейім келеді. Әрине, бұл тәжірибе жинақтауға пайдалы. Дегенмен, оқу орындарында техникалық дағдылармен қатар ұлттық дүниетанымға, мәдени мұраға және қазақы құндылықтарға негізделген білімге көбірек көңіл бөлінсе, болашақта төл анимациямыздың өзіндік ерекшелігі мен ұлттық келбеті одан әрі айқындала түсер еді.

– Бүгінгі отандық анимация қандай болуы керек? Балалар ең алдымен нені бағалайды деп ойлайсыз?

– Бүгінгі отандық анимация тәрбиелік мәні терең, қызықты, көркем әрі сапалы болуы керек. Ол баланың көңілін көтерумен ғана шектелмей, оның бойына достық, мейірімділік, сыйластық, адалдық және жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіре алуы қажет. Сонымен қатар, заманауи балалардың қызығушылығына сай тартымды сюжет пен жоғары деңгейдегі анимациялық шешімдердің болуы да маңызды. Балалар ең алдымен қызықты оқиғаны, есте қалатын кейіпкерлерді, шынайы эмоцияны және орынды әзілді бағалайды. Егер мультфильм көрерменді алғашқы минуттарынан-ақ баурап алса, ол өз аудиториясын міндетті түрде табады.

– Анимация көбіне ойын-сауық ретінде қабылданады. Ал оның баланың тіліне, дүниетанымына және ұлттық болмысының қалыптасуына ықпалы қандай?

– Анимацияның баланың дамуына тигізетін ықпалы өте зор. Балалар жаңа сөздерді меңгеруді, дұрыс сөйлеуді, жақсы мен жаманды ажыратуды көбіне мультфильмдер арқылы үйренеді. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы анимациялық туындылар олардың сөздік қорын байытып қана қоймай, ана тіліне деген сүйіспеншілігін де арттырады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды, тарихты, салт-дәстүр мен мәдени мұраны таныстыру арқылы баланың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық болмысының қалыптасуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, анимация – жай ғана ойын-сауық емес, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен рухани дамуына қызмет ететін маңызды өнер саласы.

Қазіргі таңда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жыл сайын ұзақтығы 10 минутқа дейінгі пилоттық анимациялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл жобалар 0+ санатындағы балалардан бастап 18+ аудиторияға дейінгі көрермендерге арналған.

Алайда балаларымыздың бұл туындыларды кеңінен тамашалап, кейіпкерлерімен бірге өсіп, олардың тәрбиелік әрі танымдық құндылығын толық сезінуі үшін анимациялық жобаларды толыққанды сериал немесе толықметражды мультфильм форматында шығару қажет. Бұл – отандық анимацияны дамытудың келесі маңызды кезеңі.

Біз осы мақсатқа қарай жыл сайын біртіндеп қадам басып келеміз. Алдағы уақытта да сапалы, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін анимациялық туындылардың саны артып, қазақстандық балалардың өз кейіпкерлерімен мақтанатын күні алыс емес деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тэгтер:

балалар шығармашылығы анимация Қазақанимация