45 градусқа дейін аптап, дауыл мен бұршақ: 14 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Бүгін, 09:41 / Ахмет Қанатұлы
pixabay.com

14 шілдеде Қазақстанның барлық өңірінде ауа райына байланысты ескерту күшіне енеді. Елдің оңтүстігінде аптап 45 градусқа дейін жетсе, солтүстік және шығыс аймақтарда нөсер, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Бірқатар облыста шаңды дауыл мен өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Астанада ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Дауыл мен шаңды дауыл кезінде жел екпіні секундына 15–20 метрге, кейде 23 метрге жетуі мүмкін.

Ақмола облысының бірнеше ауданында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанды. Кей жерлерде шаңды дауыл соғып, жел секундына 23 метрге дейін күшейеді. Көкшетауда күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде жауын жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстікте қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Жел екпіні кей уақытта секундына 25 метрге жетеді. Күндіз 35 градус ыстық болып, өңірдің солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Қостанай облысының бірқатар бөлігінде жаңбыр, найзағай және қатты жауын күтіледі. Күндіз бұршақ түсіп, дауыл тұруы ықтимал. Түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің оңтүстігі мен орталығында өрт қаупі жоғары.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей аудандарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды және Ұлытау облыстарының кей бөлігінде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қарағандыда ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, екі өңірде де жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күндіз 30–37 градус аптап болады. Кей аудандарда аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Өскемен мен Семейде ауа температурасы 35 градусқа жетеді.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай, қатты жауын және бұршақ күтіледі. Өңірде күндіз 35–39 градус ыстық болады. Алматыда 32–34 градус ыстық болып, өткінші жаңбыр жауады. Қонаевта ауа температурасы 39 градусқа дейін көтеріледі.

Жетісу облысында 32–37 градус аптап сақталады. Оңтүстік және таулы аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Талдықорған мен облыстың бірқатар ауданында жоғары өрт қаупі бар.

Жамбыл облысында ауа температурасы 37–42 градусқа дейін көтеріледі. Таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таразда және облыстың басым бөлігінде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысында күндіз 40–43 градус аптап болады. Шымкентте ауа температурасы 40–42, Түркістан қаласында 40–43 градусқа жетеді. Өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі жарияланды.

Қызылорда облысында күндіз 37–43 градус ыстық сақталады. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Солтүстік пен орталықта шаңды дауыл соғып, жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Қызылорда қаласында төтенше өрт қаупі бар.

Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шығыста жел екпіні секундына 15–18 метрге жетеді. Бірқатар ауданда жоғары өрт қаупі сақталады.

Атырау облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың батысы мен оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары.

Маңғыстау облысының солтүстігінде жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл күтіледі. Ақтауда түнде және таңертең тұман түседі. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Оралда және облыстың бірнеше ауданында жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Синоптиктер тұрғындарға аптап ыстық кезінде күн астында ұзақ жүрмеуге, ал найзағай мен дауыл кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес береді.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 14 шілде