Солтүстік Қазақстан облысында саяжайдан үйіне қайтып келе жатқан әйелге белгісіз ер адам шабуыл жасап, зорламақ болған. Оқиғаға қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, қала тұрғыны саяжайдан велосипедпен қайтып келе жатқан. Ауыл маңындағы айналма жолға жақындаған кезде алдынан егде жастағы ер адам шығып, сиыр іздеп жүргенін айтқан.
Көп ұзамай ер адам әйелді жерге құлатып, тұншықтыра бастаған. Жанталасып жатқан әйелдің жанайқайын жолдан өтіп бара жатқан адам естіп, көмекке ұмтылған. Осы сәтте күдікті әйелді жіберіп, оқиға орнынан кетуге әрекеттенген. Ал жәбірленуші жолға қарай жүгіріп шығып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған.
Оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысының полициясы қылмыстық іс қозғаған.
Полицияның мәліметінше, Петропавл қаласының 54 жастағы тұрғынына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға оқталу фактісі бойынша тергеу басталған. Күдікті ретінде облыс орталығының 62 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.