Маңғыстау облысында өткен «Абысын-ажын» байқауына қатысқан Бейнеулік әже қазіргі келіндерге қатысты өз ойын айтып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz, Mangystau TV-ға сілтеме жасап.
Байқау барысында әжеден жаңа түскен келінге қандай талап қоятыны сұралған. Оның айтуынша, қазіргі жастардың ұйқыға бейім екенін байқайды.
- Әрине, жаңа түскен келінге талап қоямын. Қазіргі жастар ұйқышыл, мен оларды ұйықтатпауға тырысамын, - деді ол.
Сондай-ақ келіннің таңертең нешеде тұруы керектігі туралы сұраққа әже:
- Күн шықпай тұрса болды. Намазға тұрған кезде шайым дайын тұрса болды, - деп жауап берді.
Ал қазіргі таңда тамақ жасауды білмейтін келіндер кездесетін-кездеспейтіні туралы сауалға ол мұндай жағдай өз отбасында жоқ екенін айтты.
- Жоқ, бұлар - текті жердің қыздары. Текті жердің қыздарының қолынан бәрі келеді, - деді Бейнеулік әже.
Әженің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі оның сөзін дәстүрге негізделген талап деп бағаласа, енді бірі қазіргі қоғамдағы өмір салты өзгергенін алға тартып, өз көзқарастарын білдіруде.