Құрылтай сайлауы: алда қандай кезеңдер бар және әр дауыс неге маңызды?

Бүгін, 16:17 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Қазақстанда 23 тамызда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – елдің жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейін ұйымдастырылатын алғашқы жалпыхалықтық саяси науқан. Биылғы сайлауда депутаттар алғаш рет бір палаталы Құрылтайға тек партиялық тізімдер арқылы сайланады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазір елдегі барлық жеті саяси партия өз съездерін өткізіп, кандидаттар тізімін бекітті. Енді оларды қандай кезеңдер күтіп тұр? Ал сайлаушылар осы уақытта нені білуі және не істеуі керек?

Съезд аяқталды

Партия съезі – сайлау науқанының алғашқы маңызды кезеңдерінің бірі. Осы кезеңде партиялар сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекітті.

Қазір бұл кезең аяқталды. Саяси партиялар қажетті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырды. Енді комиссия ұсынылған құжаттардың заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, партиялық тізімдерді тіркеу рәсімін жүргізеді. Тіркеу аяқталғаннан кейін партиялар заңда белгіленген мерзімде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.

Алда қандай кезеңдер бар?

Құрылтай сайлауы бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – кандидаттарды ұсыну мен құжаттарды қабылдау кезеңі. Бұл жұмыс аяқталды.

Келесі маңызды кезең – 23 шілде мен 22 тамыз аралығындағы сайлауалды үгіт-насихат. Осы уақытта партиялар халықпен кездесулер өткізіп, өңірлерді аралайды, телевизиялық дебаттарға қатысады, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз бағдарламаларын таныстырады.

22 тамыз – үнсіздік күні. Бұл күні қандай да бір үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынады.

Ал 23 тамызда қазақстандықтар дауыс беріп, жаңа Құрылтай құрамын анықтайды. Сайлау аяқталғаннан кейін учаскелерде бюллетеньдер саналып, нәтижелер жарияланады.

Сайлаушы нені ескеруі керек?

Жаңа сайлау жүйесінде сайлаушылар жеке кандидатқа емес, саяси партияға дауыс береді.

Әр партия жинаған дауыс санына қарай депутаттық мандат алады. Алайда барлық партия Құрылтай құрамына өте алмайды. Ол үшін заңда белгіленген 7 пайыздық сайлау тосқауылынан өтуі қажет.

Бұл дегеніміз – бірнеше пайыздық айырмашылықтың өзі партияның Құрылтай құрамынан орын алуына әсер етеді. Сондықтан әрбір берілген дауыс түпкілікті нәтижеге ықпал етеді.

Сайлау күніне дейін азаматтар бірнеше қарапайым қадам жасағаны жөн.

Ең алдымен, өзіңізді сайлаушылар тізімінен тексеріңіз. Бұл дауыс беру күні еш кедергісіз өз таңдауыңызды жасауға мүмкіндік береді.

Одан кейін партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен танысқан дұрыс. Экономика, әлеуметтік саясат, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, экология немесе жастар саясаты сияқты бағыттар бойынша әр партияның ұстанымы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан саналы таңдау жасау үшін олардың ұсынған бағдарламаларын салыстырған жөн.

Үгіт-насихат кезеңінде ұйымдастырылатын кездесулерге қатысып, көкейіңіздегі сұрақтарды қою да маңызды. Бұл сайлаушыға партиялардың нақты ұстанымын түсінуге мүмкіндік береді.

Неліктен әр дауыс маңызды?

Кейде бір адамның дауысы ештеңені өзгертпейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда сайлаудың қорытынды нәтижесі әрбір сайлаушының берген дауысының негізінде қалыптасады. 

Әр дауыс Құрылтайдағы орындардың бөлінуіне әсер етеді. Ал Құрылтай қабылдайтын заңдар елдің экономикасына, әлеуметтік саясатына, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне, мемлекеттік бюджетке және азаматтардың күнделікті өміріне ықпал етеді.

Сондықтан сайлауға қатысу – тек конституциялық құқық қана емес, елдің алдағы бес жылдағы даму бағытын айқындауға қосылатын азаматтық үлес.

Қазіргі таңда Қазақстанда жеті саяси партия ресми тіркелген. Олар:

Барлық партия съездерін өткізіп, кандидаттар тізімін бекітті және Орталық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарын тапсырды.

2026 жылғы Құрылтай сайлауы – Қазақстанның жаңа саяси жүйесі аясында өтетін алғашқы жалпыхалықтық сайлау. Алдағы апталарда партиялар өз бағдарламаларын халыққа таныстырып, сайлаушылардың қолдауына ие болуға тырысады.

Ал азаматтар үшін ең маңызды міндет – сайлауға дейін қажетті ақпаратпен танысып, партиялардың ұстанымдарын саралап, 23 тамызда өз таңдауын жасау. Өйткені әрбір дауыс елдің болашақ даму бағытын айқындауға ықпал етеді. 

Тэгтер:

сайлау Құрылтай