Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысты әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz, Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Света Айтбаева әлеуметтік желідегі парақшасында фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, табиғаты көркем Алтай өңіріндегі мәдени шараның ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
«"Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі" фестиваліне келіп, Димаштың концертін көріп, халықтың даладай дарқан пейіліне риза болып елімізге қайтып барамыз. Түркі әлемінің тұтастығын әйгілеген мұндай деңгейдегі фестиваль, мойындау керек, Астана мен Алматыда жоқ. Тамаша табиғат, жайлы ауа райы және керемет ұйымдастыру жұмыстары естен кетпестей әсер қалдырды», - деп жазды ол.
Айтуынша, фестиваль аясында өткен Димаш Құдайбергеннің концертіне 50 мыңнан астам көрермен жиналған. Света Айтбаева өнерпаздарға көрсетілген құрмет пен ұлының шығармашылығын ықыласпен қабылдаған көрермендерге алғысын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің ақын Жүрсін Ерманмен кездесуі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған болатын.