Испания Францияны тас-талқан етті, Мбаппе көзге түспеді

Бүгін, 08:44 / Алуа Әшірбекова
Сурет ашық дереккөзден алынған

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Испания құрамасы Францияны сенімді түрде жеңіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды Arasha.kzchampionat.com-ға сілтеме жасай отырып. 

Кездесу басталғаннан-ақ допты бақылауды өз қолына алған Испания қарсыласына қауіпті шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік берген жоқ. Матчтың 20-минутында Франция қорғаушысы Люка Динь айып алаңында Ламин Ямальға қарсы ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік соққыны Микель Оярсабаль мүлт жібермей орындап, есеп ашты.

Бірінші таймда Дидье Дешам шәкірттері шабуылда ештеңе көрсете алмады. Килиан Мбаппе үзіліске дейін қарсылас айып алаңында небәрі екі рет допқа тиіп, қақпаға бірде-бір соққы жасамады. Франция құрамасы алғашқы 45 минутта қақпа бағанасына дәл соққы бағыттай алмай, өте төмен шабуылдық көрсеткіш тіркеді.

Екінші таймда Франция құрамасы ойынға өзгеріс енгізуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Керісінше, матчтың шамамен 60-минутында Педро Порро әдемі комбинацияны голмен аяқтап, Испанияның басымдығын еселей түсті.

Арада көп ұзамай Ламин Ямаль тағы бір мәрте қақпаны дәл көздегенімен, гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.

Кездесудің соңына қарай Франция шабуылда ешқандай қауіп төндіре алмады. Мбаппе үш рет соққы жасағанымен, оның бірде-бірі қақпаға дәл бағытталған жоқ. Сонымен қатар ол серіктестеріне қауіпті мүмкіндік те ұйымдастыра алмады.

Статистика бойынша да Испания толық басымдық танытты. Күтілетін голдар көрсеткіші (xG) бойынша испандар 1,63 ұпай жинаса, Франция небәрі 0,30 көрсеткішпен шектелді.

Осылайша Испания әлем чемпионатының финалына шығып, Англия мен Аргентина арасындағы кездесудің жеңімпазымен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал Франция үшінші орын үшін матч өткізеді.

Тэгтер:

#Футбол #Испания #Әлем чемпионаты #Франция #Полуфинал