Бес алтын – Қазақстан білімінің тарихи жетістігі

Бүгін, 10:21 / Ахмет Қанатұлы

Алматы халықаралық әуежайында 56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, оқушыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады. Министр ұлттық құраманы жоғары деңгейде дайындауға және тарихи нәтижеге қол жеткізуге үлес қосқан педагогтер мен тәлімгерлерге алғысын білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Салтанатты кездесу ерекше жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтті. Жеңімпаздарды гүл шоқтарымен, ыстық ықыласпен және Қазақстанның әлемдік зияткерлік аренадағы абыройын асқақтатқан жетістіктері үшін шынайы алғыс сөздерімен қарсы алды.

Салтанатты кездесудің басты кейіпкерлері Халықаралық физика олимпиадасының бес алтын медаль иегерлері - Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман болды. Олармен бірге елге ұлттық құраманы дайындау жөніндегі жетекші Гүлия Нұрбақова, сондай-ақ команда жетекшілері Самат Мақсұтов пен Әлішер Еркебаев оралды.

Халықаралық физика олимпиадасы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Беделді білім бәйгесіне әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алды.

Бұл тарихи жетістік қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейі мен педагогтердің кәсібилігінің айқын көрінісі болды. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткерлік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, дарынды жастарды қолдау және білім беру жүйесін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті.

Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздарды, олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын тарихи жетістікпен құттықтайды. Ұлттық құраманың тарихи жеңісі - барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш әрі жас ұрпаққа шабыт беретін жарқын үлгі.