2025 жылы Қазақстанның республикалық бюджетіне 730 миллиард теңге көлемінде салық түсімі түспеген. Мұндай қорытындыны Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) салық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бюджетке неге 730 миллиард теңге түспеді?
Мемлекеттік аудиторлардың мәліметінше, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салық жоспары толық орындалмаған. Орындалмаған сома 730 миллиард теңгені немесе жоспардың 4,8 пайызын құрады. Негізгі себептердің бірі – салық түсімдері бойынша болжамның 1,3 триллион теңгеге артық жоспарлануы.
ЖАП мәліметінше, соңғы төрт жылда салық органдары қосымша есептеген сомаларға қатысты даулардың жартысынан көбі салық төлеушілердің пайдасына шешілген. Бұған салық заңнамасының талаптарының бұзылуы және тексеру актілерін рәсімдеу кезіндегі процессуалдық қателіктер себеп болған.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулердің сапасын бақылауды күшейту қажет деп есептейді.
Кеден саласында қандай заңбұзушылықтар анықталды
Аудит барысында кедендік әкімшілендіруде де бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, тек электромобильдерге арналған кедендік жеңілдіктер гибридті автокөліктерді импорттау кезінде де заңсыз қолданылған. Соның салдарынан бюджет шамамен 70 миллион теңге кірістен қағылған. Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметке қатысатын 34 компания импорт кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алу әдісімен заңсыз төлеген. Бұл мемлекет қазынасына 670 миллион теңгеден астам ҚҚС түспеуіне әкелген.
Тағы қандай кемшіліктер бар?
Тексеру нәтижесінде уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылаудың жеткіліксіз екені белгілі болды. ЖАП мәліметінше, кейбір компаниялар мәртебесін тоқтатуға негіз болғанына қарамастан, жеңілдетілген кедендік рәсімдерді пайдалануды жалғастырған.
Сондай-ақ аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны айтылды.
Бұдан бөлек, ЖАП Мемлекеттік кірістер комитеті көрсететін мемлекеттік қызметтердің есебін жүргізу, мониторинг жасау және сапасын бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Аудит қорытындысы
Тексеру нәтижесінде Жоғары аудиторлық палата:
2,7 миллиард теңге көлеміндегі қаржылық заңбұзушылықтарды;
33 рәсімдік (процедуралық) заңбұзушылықты;
11 жүйелік кемшілікті анықтады.
Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді. Аудит нысандарына жолданған нұсқамалар міндетті түрде орындалуы тиіс.