Түркістанда төрт баласымен жоғалып кеткен әйел аман-есен табылды

Бүгін, 19:10 / Алуа Әшірбекова
Сурет Жи арқылы жасалған

Түркістан облысында төрт баласымен бірге із-түзсіз жоғалып кеткен әйел аман-есен табылды, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.media-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Отырар ауданында болған. Әйелдің жұбайы оның төрт баласымен бірге жеті күн бұрын үйден шығып кетіп, хабар-ошарсыз қалғаны туралы полицияға арызданған.

Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6, 5, 3 жас және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберісінде бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерген. Сонымен қатар көршілес өңірлерге арнайы бағыттамалар жолданып, кешенді іздестіру шаралары ұйымдастырылған.

Нәтижесінде әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Тексеру барысында әйелдің жұбайымен тұрмыстық келіспеушілікке байланысты ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кетіп қалғаны белгілі болды. Ол ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрған.

Қазіргі таңда әйел мен оның балаларының өміріне қауіп жоқ. Полиция олардың жақын туыстарын шақырып, мән-жайды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тэгтер:

#ОТБАСЫ #Іздеу жұмыстары #Жоғалып кетті #Әйел #Жанжал