"Дипломын жыртып тастаған" түлек Алматыда жауапқа тартылды

Бүгін, 09:43 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Алматыда дипломын жыртып жатқан сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған колледж түлегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok-та кең таралып, қоғамда қызу талқыға түскен бейнежазбаны анықтаған.

Видеода Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірін бітірген түлек диплом табыстау рәсімінен кейін көпшіліктің көзінше диплом мұқабасына ұқсас затты жыртып тастайды.

Тексеру барысында түлектің дипломының түпнұсқасы, оған қоса берілген қосымша және оқу орны табыстаған ресми мұқаба бүлінбегені белгілі болды. Бейнероликті түсіру үшін диплом мұқабасының алдын ала дайындалған көшірмесі пайдаланылған.

Алайда видео интернетте жылдам тарап, желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызған. Осыған байланысты полиция тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тэгтер:

Диплом