Түркия соты Нетаньяхуға қатысты Интерполға сұрау жолдау туралы шешім шығарды

Бүгін, 10:44 / Ахмет Қанатұлы
REUTERS/Eduardo Muno. Суретте: Биньямин Нетаньяху

Түркия соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты Интерполдың "қызыл хабарламасын" шығару жөнінде өтініш жолдауға шешім қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шешім Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған Global Sumud флотилиясының кемелері тоқтатылып, белсенділердің ұсталуына байланысты қаралып жатқан іс аясында қабылданған.

Істі қарап жатқан Ыстанбұлдың 11-ші ауыр қылмыстық соты прокуратураның Нетаньяхуды Интерпол арқылы іздестіру туралы талабын қанағаттандырған. Гуманитарлық миссияға қатысушылардың арасында Түркия азаматтары да болған.

Тергеу материалдарында Нетаньяху мен Израильдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғасына адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид, адамдарды заңсыз бостандығынан айыру, азаптау және денсаулыққа қасақана зиян келтіру секілді айыптар тағылғаны көрсетілген.

Сонымен қатар іс материалдарында мүлікті жою, тонау, теңіз қатынасына кедергі келтіру және көлік құралдарын заңсыз иемдену жөніндегі айыптаулар бар. Аталған тұжырымдар әзірге Түркияның айыптаушы тарапы ұсынған нұсқа саналады.

Бұған дейін Түркия билігі Газа секторындағы әскери іс-қимылдар мен Global Sumud флотилиясына қатысты оқиға бойынша Нетаньяху және Израильдің басқа да лауазымды тұлғаларын қамауға алу жөнінде шешімдер қабылдаған.

Алайда Түркия сотының қаулысы Нетаньяхуға қатысты Интерполдың "қызыл хабарламасы" автоматты түрде жарияланды дегенді білдірмейді. Алдымен тиісті сұрау Интерполға жіберіліп, ұйым оны өзінің ережелеріне сәйкестігі бойынша қарауы керек.

Интерполдың түсіндіруінше, «қызыл хабарлама» – ұйымға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдарына адамның орналасқан жерін анықтап, оны экстрадициялау немесе басқа да құқықтық рәсімдер үшін уақытша ұстау туралы сұрау. Ол халықаралық қамауға алу ордері болып саналмайды. Адамды ұстау туралы шешімді әр мемлекет өз заңнамасына сәйкес қабылдайды.

Сондықтан қазіргі жағдайда "Түркия соты Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялады" деуден гөрі, "Нетаньяхуға қатысты Интерполдың қызыл хабарламасын сұратуға шешім шығарды" деген тұжырым дұрысырақ.

Тэгтер:

түркия Израиль Биньямин Нетаньяху