Шымкентте өздерін военкомат қызметкерлеріміз деп таныстырған төрт адамнан қашпақ болған кезде үшінші қабаттан секіріп кеткен 23 жастағы Арман Хабибуллаға дәрігерлер екінші рет ота жасауы мүмкін. Анасының айтуынша, алған ауыр жарақаттарының салдарынан оның мүгедек болып қалу қаупі де бар, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым таратқан мәліметке сәйкес, оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Компьютер клубына өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған төрт адам келіп, жастардың құжаттарын тексере бастаған. Кейін олар Арманды әскерге алып кететіндерін айтқан.
Жігіттің анасының сөзінше, бұған келіспеген Арман үшінші қабаттан секіріп кеткен.
Салдарынан ол ауыр жарақат алып, басынан соққы алған, бірнеше қабырғасы мен қолы сынған. Арман төрт күннен кейін ғана есін жиған.
Анасының айтуынша, дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр және тағы бір күрделі операция жасау қажеттілігі туындауы мүмкін.
«Балам төрт күннен кейін ғана есін жиды. Басынан ауыр жарақат алды, қабырғалары мен қолы сынды. Дәрігерлер енді екінші рет ота жасауымыз мүмкін деп отыр. Үйлендірейін деп жүрген балам еді. Енді дәрігерлер “мүгедектікке қатысты құжаттарды жинай беріңіздер” деп айтты», - дейді ол.
Жақындарының айтуынша, Арманның денсаулығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.