Финалға жеткен Аргентинаның тағдыры қыл үстінде: ФИФА қандай шешім шығарады?

Бүгін, 13:40 / Ахмет Қанатұлы
Ryan Pierse/FIFA via Getty Images. Суретте: Лионель Месси

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны жеңген Аргентина құрамасы матчтан кейінгі саяси сипаттағы әрекетіне байланысты жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Атлантада өткен жартылай финалда Аргентина Англиядан 2:1 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Шешуші кездесуде аргентиналықтар Испания құрамасымен ойнайды.

Алайда ойын аяқталғаннан кейін Аргентина құрамасының футболшылары алаңда «Las Malvinas son Argentinas» – «Мальвин аралдары Аргентинаға тиесілі» деген жазуы бар баннерді көрсетті.

Баннерді қорғаушы Лисандро Мартинес пен жартылай қорғаушы Джовани Ло Чельсо ұстап тұрған. Оның стадионға қалай кіргізілгені әзірге белгісіз.

Саяси баннер ФИФА ережесіне қайшы болуы мүмкін

ФИФА-ның әлем чемпионаты стадиондарындағы тәртіп ережесі саяси, қорлайтын немесе кемсітушілік сипаттағы баннерлерді, туларды, киімдер мен өзге де белгілерді пайдалануға тыйым салады.

Осыған байланысты Ұлыбританияның бизнес және сауда министрі Питер Кайл ФИФА-ны оқиғаға қатысты толыққанды тексеру жүргізуге шақырды. Оның айтуынша, саяси мәселелер футболдан бөлек қарастырылуға тиіс.

Дегенмен 16 шілдедегі жағдай бойынша ФИФА оқиғаға байланысты ресми тәртіптік іс қозғалғанын немесе Аргентинаға қандай да бір санкция қолданылатынын жариялаған жоқ. Ұйым бұқаралық ақпарат құралдарының сауалына да бірден жауап бермеген.

Сондықтан Аргентина құрамасының әлем чемпионатының финалынан шеттетілуі мүмкін деген ақпарат әзірге ресми шешім емес. Ықтимал жазаның қандай болатыны ФИФА тергеу жүргізіп, тәртіптік шешім қабылдаған жағдайда ғана белгілі болады.

Фолкленд немесе Мальвин аралдары үшін дау

Оңтүстік Атлантикада орналасқан аралдар Ұлыбританияда Фолкленд, ал Аргентинада Мальвин аралдары деп аталады. Екі мемлекет аталған аумақтың мәртебесіне қатысты ұзақ жылдардан бері келісе алмай келеді.

1982 жылы Аргентина мен Ұлыбритания арасында аралдар үшін қарулы қақтығыс болды. Соғыс кезінде 649 аргентиналық және 255 британдық әскери қызметкер қаза тапты. Қақтығыстан кейін аралдар Ұлыбританияның бақылауында қалды.

Аргентина билігі архипелагты әлі де өз аумағы санайды. Сол себепті екі елдің футбол құрамалары арасындағы кездесулерде аралдарға қатысты саяси және тарихи мәселе жиі көтеріледі.

Қазір Аргентина құрамасы әлем чемпионатының финалына дайындалып жатыр. Команданың шешуші кездесуге қатысуына қатысты қандай да бір ресми шектеу жарияланған жоқ.

Тэгтер:

Лионель Месси әлем чемпионаты Аргентина ФИФА