Тоқаев: Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығы» басталды

Бүгін, 16:55 / Алуа Әшірбекова
Сурет: kznews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі деңгейі мен болашағын талқылады, деп хабарлайды Arasha.kzkznews.kz-ке сілтеме жасап.

Ақорданың мәліметінше, кездесу «дөңгелек үстел» форматында өтті. Президент қытайлық бизнес өкілдеріне Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесі үшін алғыс айтып, екі мемлекет арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

«Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа “алтын отыз жылдығына” бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болды.

Тэгтер:

#Қазақстан #Қытай Халық Республикасы #Қазақстан-Қытай #Қасым-Жомарт Тоқаев #Ақорда