Миллиондаған халық қолданатын қосымшалар өшірілді: Себебі неде?

Бүгін, 18:26 / Алуа Әшірбекова
Сурет ЖИ арқылы жасалған

2026 жылдың маусым және шілде айларында Ресейдің ірі цифрлық сервистері әлемдегі ең танымал қосымшалар дүкендері -  App Store мен Google Play платформаларынан кезең-кезеңімен алынып тасталды. Алдымен Apple VK экожүйесіне кіретін сервистер мен MAX мессенджерін өшірсе, көп ұзамай дәл осындай шешімді Google да қабылдады. Бұл өзгерістер Еуропалық одақтың жаңа санкцияларынан кейін орын алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

 Санкциялар негізгі себеп болды

2026 жылғы 13 шілдеде Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін енгізді. Оның аясында:

• VK холдингі;
• «Коммуникациялық платформа» ЖШҚ (MAX мессенджерінің әзірлеушісі);
• компанияның бас директоры Елена Багудина;
• VK басшысы Владимир Кириенко (ол 2022 жылдан бері санкцияда)

шектеу шараларына ілікті.

Осыдан кейін Apple мен Google халықаралық санкциялық талаптарды орындау мақсатында аталған компаниялардың қосымшаларын өз платформаларынан алып тастады.

 MAX мессенджеріне қандай айып тағылды?

2025 жылы іске қосылған MAX мессенджері дау-дамайдың басты нысанына айналды. Цифрлық жеке куәлік пен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін біріктіретін бұл қосымшаға қатысты Еуропалық одақ бірнеше ауыр айып тақты.

Олардың қатарында:

• қосымшаны әзірлеу процесі Ресейдің арнайы қызметтерінің бақылауында болды деген күдік;
• құрылғыдағы өзге қосымшалардан мәлімет жинауы мүмкін деген болжам;
• пайдаланушының келісімінсіз жаңартулар орната алады деген күмән;
• Ресейде VPN қызметтері мен тәуелсіз мессенджерлердің жұмысына шектеу қою арқылы нарықтағы бәсекені әлсіретуге ықпал етті деген айып;
• пайдаланушылардың жеке деректерін құқық қорғау органдарына беруі мүмкін деген күдік.

Бұл айыптардың барлығы Еуропалық одақ жариялаған құжаттарда көрсетілген. Компания өз тарапынан бұл мәлімдемелерге келіспейтінін айтып келеді.

 Қандай сервистер өшірілді?

Санкциялар VK экожүйесіндегі көптеген өнімге әсер етті. App Store мен Google Play дүкендерінен:

• ВКонтакте;
• Одноклассники;
• Почта Mail;
• Облако Mail;
• VK Почта;#
• Дзен;
• VK Видео;
• VK Музыка;
• VK Клипы;
• VK Мессенджер;
• VK Звонки;
• MAX;
• Маруся;
• Юла;
• VK Play;
• VK Teams;

сияқты сервистер алынып тасталды.

 Нарықтағы әсері

Қосымшалардың дүкендерден жоғалуы инвесторлардың да алаңдаушылығын тудырды. Осы жаңалықтан кейін VK акциялары Мәскеу биржасында шамамен 9 пайызға арзандап, тарихи ең төменгі деңгейлердің біріне түсті.

Сонымен қатар компания бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, пайдаланушыларға vk.ru доменін қолдануға кеңес берілді. Сондай-ақ RuStore қосымшалар дүкені компания менеджментінің бақылауына беріліп, оны санкциялардың ықпалынан қорғауға әрекет жасалды.

 Қосымшаларды енді қалай жүктеуге болады?

Бұған дейін орнатылған қосымшалар құрылғыларда жұмысын жалғастыра береді. Android пайдаланушылары оларды жаңарту үшін:

• RuStore;
• Huawei AppGallery;
• Samsung Galaxy Store;
• Xiaomi GetApps;

сияқты балама дүкендерді немесе әзірлеушілердің ресми сайттарынан APK-файлдарды пайдалана алады.

Ал iPhone қолданушылары үшін жағдай күрделірек. App Store арқылы қосымшаларды қайта жүктеу немесе жаңарту мүмкін емес болғандықтан, көптеген сервис веб-нұсқа арқылы пайдалануға көшіп жатыр. Осындай тәсілді Ресейдегі бірқатар ірі банктер де қолдана бастады.

Тэгтер:

#App Store # Google Play #ВКонтакте # MAX мессенджері