Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол өңір құрылғаннан бергі Атырау облысының он бірінші әкімі атанды. Атырау облысы Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібінің басты орталықтарының бірі саналады. Өңір аумағында республикадағы ең ірі мұнай кен орындары орналасқан.
Болат Ақшолақовтың өмірбаяны
Болат Ақшолақов 1971 жылғы 9 сәуірде Атырау қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік басқару академиясында бухгалтерлік есеп және экономикалық кибернетика мамандығы бойынша білім алған. Бұдан бөлек, мұнай-газ саласына арналған білім беру орталығында жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын бағалау және мұнай өндіру экономикасы бағыттарын меңгерген.
Еңбек жолын 1994 жылы «Әлем Банк Қазақстан» компаниясында экономист болып бастады. Кейін аталған ұйымда бас экономист қызметіне дейін көтерілді.
1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінде бөлім басшысы, кейін департамент директоры болды.
1997-2001 жылдары «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясында аға сарапшыдан бастап департамент директорының орынбасарына дейінгі бірнеше лауазымды атқарды.
2001-2003 жылдар аралығында Commonwealth and British Services Ltd компаниясында бизнес-талдаушы, менеджер және қаржы директоры болып еңбек етті.
2003 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына ауысып, 2006 жылға дейін акцияларды басқару жөніндегі атқарушы директор қызметін атқарды.
2006-2008 жылдары энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болды.
2009-2010 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында электр энергетикасы және мұнай-газ активтерін басқару бағытына жауапты басқарушы директор қызметін атқарды.
2010-2011 жылдары PSA компаниясын басқарды. 2011 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болып тағайындалды.
2012-2014 жылдары мұнай және газ вице-министрі қызметінде болды.
2014-2017 жылдар аралығында Almex Petrochemical компаниясының бас директоры болып жұмыс істеді. Сонымен бірге 2016-2017 жылдары Kazenergy қауымдастығын басқарды.
2017-2019 жылдары қайтадан энергетика вице-министрі қызметін атқарды. Кейін Kazenergy ұйымының бас директоры қызметіне оралды.
2021 жылғы сәуірден 2022 жылғы қаңтарға дейін «Самұрық-Қазына» қорында активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор болды.
2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстанның энергетика министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылғы 4 сәуірге дейін атқарды.
2023 жылғы сәуірден 2025 жылғы 13 ақпанға дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі болды.
2025 жылғы 14 ақпаннан бастап Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Kazenergy қауымдастығының төрағасы қызметін атқарды.