67 жасында табиғи жолмен жүкті болып, қыз дүниеге әкелген әйел 2019 жылы әлем назарын өзіне аударған еді. Алайда биыл Аналар күніне орай жарияланған отбасының жаңа видеосы әлеуметтік желі қолданушыларын алаңдатып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz, Ekd.me сайтына сілтеме жасап.
Ерлі-зайыптылар жаңа туған қызына Тяньци (қытай тілінен аударғанда - «Аспанның сыйы») деген есім берген. Сол кезде бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, бірі оларды батыл қадамға барған ата-ана деп бағаласа, енді бірі мұндай шешімнің ауыр салмағы болашақта баланың мойнына түсетінін айтып сынаған.
Әйел бұған дейін перзентханада қызмет еткен. 2018 жылы ол жеңіл инсульт алып, қан сұйылтатын дәрілер қабылдай бастағаннан кейін етеккірі қайта келген. 2019 жылдың қаңтарында дәрігерге қаралған кезде оның жүкті екені анықталған.
Дәрігерлер жүктілікті өте жоғары қауіп санатына жатқызып, оны тоқтатуға кеңес берген. Ерлі-зайыптылардың ересек ұлы мен қызы да бұл шешімге қарсы болып, ата-анасымен қарым-қатынасты үзетінін айтқан. Соған қарамастан, олар дүниеге келетін сәбиді сақтап қалуды жөн көреді.
2019 жылдың 25 қазанында әйел кесарь тілігі арқылы салмағы 2560 грамм болатын қыз баланы дүниеге әкелді. Дәрігерлер мұны 67 жаста табиғи жолмен жүкті болып, босанған алғашқы ресми тіркелген жағдай деп мәлімдеді.
Алайда бұл оқиға медицина мамандары арасында күмән туғызды. Кейбір дәрігерлер мұндай жүктіліктің табиғи жолмен болуы мүмкін емес деген пікір білдіргенімен, оны нақты дәлелдейтін тәуелсіз зерттеулер жарияланбаған.
Көпшіліктің қызығушылығынан кейін отбасы әлеуметтік желілерде белсенді бола бастады. Олар қыздарының күнделікті өмірінен видеолар жариялап, кейін тікелей эфир арқылы жергілікті азық-түлік өнімдерін сатумен айналысты.
Жұбайының айтуынша, екеуінің ай сайынғы зейнетақысы 10 мың юаньнан асады. Бұған дейін ол қызы үш жасқа толғанда әлемді аралатуға уәде бергенімен, бұл жоспары жүзеге аспаған.
2024 жылы әйел жол-көлік оқиғасына түсіп, аяғын сындырып алған. Ол бірнеше ай арбаға таңылып, ұзақ уақыт оңалтудан өткен. Кейін сыртқы келбетін жасарту мақсатында косметикалық ота жасатқан. Бұл шешімі де әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырған.
2025 жылы отбасы басқа қалаға көшіп барған. Сол кезде Тяньци интернат үлгісіндегі балабақшаға орналастырылып, ата-анасын тек демалыс күндері ғана көретін болған. Кейін желі қолданушылары қыздың бұрынғыдай көңілді емес екенін байқаған соң, әкесі оны балабақшадан алып кеткен.
Ал 2026 жылдың сәуірінде әйел тағы да инсульт алып, төсекке таңылған. Қазір ол өздігінен жүріп-тұра алмайды.
Аналар күні жарияланған видеода 72 жастағы әйелдің төсекте жатқанын, ал алты жастағы қызы анасына сүт беріп отырғанын көруге болады. Бұл көрініс әлеуметтік желіде үлкен талқылауға себеп болды.
73 жастағы жұбайы қазіргі таңда қызының тәрбиесін, әйелінің күтімін, заңгерлік қызметін және интернет арқылы сауда жасауды қатар алып жүргенін айтады. Оның сөзінше, лайықты күтуші табу қиын болған.
Ол қызының болашағы үшін 90 жасқа дейін еңбек етуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ерлі-зайыптылар қызының атына сақтандыру рәсімдеп, белгілі бір мөлшерде қаражат жинаған. Бұрынғы үйлерін сатып, қазір жалдамалы пәтерде тұрады.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі мұны ата-ананың жауапсыз әрі өзімшіл әрекеті деп бағалап, кішкентай қыздың науқас анасына күтім жасауға мәжбүр болғанына алаңдаушылық білдірді.
Ал енді бір топ қолданушы отбасы ешкімнен көмек сұрамағанын, қыздарын өз күштерімен тәрбиелеп отырғанын айтып, оларды сынауға ешкімнің құқығы жоқ екенін жазды.
Айта кетейік, сөз болып отырған әйел - Қытайдың Шаньдун провинциясының тұрғыны Тянь Синьцзю. Ол 2019 жылы 67 жасында табиғи жолмен жүкті болып, қыз дүниеге әкелген ең егде жастағы аналардың бірі ретінде әлемге танылған.