Алматы облысында жеңіл көлік жеке тұрғын үйдің ауласына кіріп кетіп, екі әйелді қағып кеткен оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.media-ға сілтеме жасап.
Оқиға Қарасай ауданындағы Көксу ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz автокөлігін тізгіндеген 24 жастағы қыз көлікті басқара алмай, қоршауды бұзып, тұрғын үйдің ауласына соғылған. Сол сәтте аулада туған күн мерекесі өтіп жатқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі әйел түрлі дене жарақатын алған. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр, тіпті аяғын ампутациялау қаупі бар.
Жәбірленушілердің жақындары көлік жүргізген қыздың жүргізуші куәлігі болмағанын айтып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде. Сонымен қатар олар оқиға кезінде көлікте болған өзге адамдардың әрекетіне қатысты да сұрақтар бар екенін мәлімдеген.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.