Әлемге танымал америкалық рэпер Канье Уэсттің (Ye) Алматыда концерт беруі мүмкін деген ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Алайда концерт өтеді деп болжанған Орталық стадионның бұл күні бос болмауы ықтимал, деп хабарлайды Arasha.kz.
Sputnik.kz мәліметінше, «Қайрат» футбол клубы ресми мәлімдеме жасап, тамыз айындағы ойын кестесінің өте тығыз екенін хабарлады. Клубтың мәліметінше, 8 және 15 тамызда Қазақстан Премьер-лигасының матчтары дәл осы стадионда өтеді. Сонымен қатар, 11–13 тамыз аралығында команданың еурокубок аясындағы кездесуі де Алматының Орталық стадионында ұйымдастырылуы мүмкін.
Клуб өкілдерінің айтуынша, әлемдік деңгейдегі концертті өткізу үшін ауқымды сахна, жарық және дыбыс жүйелерін орнатуға бірнеше күн қажет. Концерт аяқталғаннан кейін барлық техникалық жабдықтарды қайта бөлшектеу де қосымша уақыт алады.
Мұндай жұмыстар стадиондағы табиғи көгалдың сапасына әсер етіп, футбол матчтарын өткізуге қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан спорттық нысанның бос болмауы концертті ұйымдастыру мәселесіне ықпал етуі ықтимал.
Осыған байланысты «Қайрат» футбол клубы қазіргі таңда барлық қажетті келісу рәсімдері толық аяқталмағанын атап өтті. Сол себепті 14 тамыз күні Канье Уэсттің концерті дәл Орталық стадионда өтеді деп нақты айтуға әзірге ерте екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Канье Уэсттің Алматыда өнер көрсетуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Алайда концерттің нақты өтетін орны мен ұйымдастырушылар тарапынан ресми бағдарлама әзірге жарияланған жоқ.