Қазақстанда 65 жастан асқандар онлайн несие рәсімдей алмайды

Бүгін, 13:19 / Алуа Әшірбекова
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтар енді несие рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне жеке баруға міндетті. Бұл талап телефон алаяқтарының арбауына түсіп, несие алып, ақшаны қаскөйлердің есепшотына аударып жіберу жағдайларының алдын алу мақсатында енгізілген, деп хабарлайды Arasha.kz, Astana_newtimes-ке сілтеме жасап.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл норма былтыр заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында қабылданған. Жаңа талап 18-21 жас аралығындағы жастарға және 65 жастан асқан азаматтарға қатысты қолданылады.

Брифинг барысында журналистер соңғы уақытта алаяқтардың егде жастағы адамдарды алдап, ірі көлемде несие рәсімдеуге мәжбүрлейтін жағдайлар жиілегенін айтып, банктер неге мұндай несиелерді беруді жалғастырып жатқанын сұрады.

Сүлейменовтің сөзінше, қажетті қорғаныс шараларының бірқатары қазірдің өзінде іске асырылған.

«Бұл санаттағы азаматтар үшін банк бөлімшесінде міндетті түрде жеке қатысу талабы енгізілді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, алаяқтар көбіне несиені қашықтан рәсімдеу мүмкіндігін пайдаланады. Сондықтан жаңа талап азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.

Тэгтер:

#Ұлттық банк