Алты жасар бала бассейнге батып кетті

Бүгін, 18:44 / Алуа Әшірбекова
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Ақмола облысының Қосшы қаласындағы демалыс аймағында алты жасар бала бассейнге батып көз жұмды. Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Arasha.kz, bairaq_media-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 17 шілде күні болған. Баланың көз жұмғаны туралы ақпарат полицияға жедел әрекет ету қызметінен түскен.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды», - деп хабарлады ведомстводан.

Әзірге қайғылы оқиғаның нақты қалай болғаны жөнінде қосымша мәлімет жарияланған жоқ.

Полиция ата-аналарды балаларды бассейндер мен су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі шомылу маусымы басталғалы бері еліміздегі су айдындарында 69 баланың қаза тапқанын мәлімдеген болатын.

Тэгтер:

#Тергеу #Полиция #Ақмола облысы #Қосшы қаласы #демалыс аймағы