ҚНРДА-ға қарсы петиция жарияланды: азаматтар қандай талап қойды?

20 шілде, 2026 / Альфия Адамбек
Фото: gov.kz

Қазақстанда банк тарифтеріне қарсы петиция жарияланды. Құжатты қоғам белсендісі Жандос Маратұлы орналастырып, оны мемлекеттік органдарға жолдаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Петиция авторлары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қазіргі саясатын сынға алып, реттеуші органның қызметі көбіне банк секторын қолдауға бағытталғанын, ал қарапайым азаматтар мен шағын бизнестің мүддесі жеткілікті деңгейде қорғалмай отырғанын айтады.

Петициядағы негізгі талаптардың бірі – бірыңғай банкаралық QR-код арқылы төлем қабылдағаны үшін алынатын комиссияны төмендету. Авторлардың пікірінше, бұл жүйе кәсіпкерлердің шығынын азайтып, эквайрингті жеңілдету үшін енгізілгенімен, іс жүзінде көптеген банк комиссияны 1,5%-ға дейін белгілеген. Бұл әсіресе табыстылығы төмен шағын бизнеске ауыр салмақ түсіріп отыр.

Сондықтан петиция авторлары банктер алатын жиынтық комиссия мөлшерін заң жүзінде 0,5%-дан асырмауды ұсынады. Олардың айтуынша, тек осындай жағдайда ғана бірыңғай QR-код жүйесі бастапқы мақсатына сай жұмыс істейді.

Құжатта қаржылық алаяқтық мәселесі де көтерілген. Авторлар әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп бара жатқанын, ал зардап шеккен азаматтардың атына рәсімделген несиелер бойынша жауапкершілікті өздері көтеруге мәжбүр болатынын атап өткен. Мысал ретінде Павлодарда алаяқтардың кесірінен ақшасынан айырылған зейнеткерлердің банк бөлімшесінде төтенше оқиға жасаған жағдайы келтірілген.

Петицияда микроқаржы ұйымдарының қызметіне де сын айтылған. Авторлардың пікірінше, қазіргі реттеу шаралары халықтың шамадан тыс қарыздануын азайтуға жеткіліксіз. Себебі банктерден несие ала алмаған азаматтар жоғары пайызбен қарыз беретін микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр.

Осыған байланысты бастамашылар микроқаржы ұйымдарының қызметіне қойылатын талаптарды күшейтіп, несие құнын төмендетуді және олардың жұмысын қатаң бақылауды ұсынады.

Петициядағы ең резонансты талаптардың бірі – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымованы қызметінен босату. Авторлардың пікірінше, агенттік қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын жеткілікті деңгейде қорғай алмады әрі банк секторындағы өзекті мәселелерді шеше алған жоқ.

Петиция жарияланған сәтте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бастамаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Тэгтер:

банк петиция қаржы қызмет