Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуін босатты: жаңа чемпион анықталды

Бүгін, 10:22 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан бас тартты. Жеңіліп көрмеген спортшы енді екінші орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетпек, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл ақпаратты Дүниежүзілік бокс ұйымының президенті Густаво Оливьери растады. Оның айтуынша, қазақстандық боксшы салмақ дәрежесін ауыстыру туралы шешімін ұйым басшылығына ресми түрде жеткізген.

"Жәнібек Әлімханұлы маған жоғары салмақ дәрежесіне ауысатынын хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта жұдырықтасады. Ал Дензел Бентли WBO тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы мәртебесін алды", – деді Оливьери.

Осылайша орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі британдық боксшы Дензел Бентлиге өтті. Бұған дейін ол ұйымның уақытша чемпионы болған.

Бентли уақытша чемпиондық атақты 4 сәуірде венесуэлалық Эндри Сааведраны жетінші раундта мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін иеленген еді.

Енді Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақта жаңа жорық бастайды. Бұл дивизионда боксшылар 76,2 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.

Тэгтер:

бокс чемпион Жәнібек Әлімханұлы