Депутат болайын деп жатқан Аша Матай Баян Алагөзова туралы айтты

Бүгін, 10:23 / Алуа Әшірбекова
Коллаж ЖИ арқылы жасалған

Тележүргізуші әрі әнші Аша Матай өзін көпшілікке танытуда продюсер Баян Алагөзованың шешуші рөл атқармағанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сұхбат барысында журналист Аша Матайдан оның танымал болуына әпкесі Баян Алагөзованың ықпалы қаншалықты болғанын сұрады.

«Шынымды айтсам, үлкен септігі тиді деп айта алмаймын. Баян апайымның өз жолы бар, менің өз жолым бар. Өнерге алғаш қадам басқан кезімде-ақ екеуміз келісімге келдік. Ол маған көмектеспейді, мен сүрінсем де, құласам да өз күшіммен жетемін дедім. Қазір Аша Матай деген атымды да, танымалдығымды да өз еңбегіммен қалыптастырдым», - деді ол.

Сонымен қатар Аша Матай Баян Алагөзовадан кәсіби кеңес сұрап тұратынын, алайда ешқашан оның продюсерлігінде болмағанын атап өтті.

«Мен оның продюсерлігіне ешқашан жатпағанмын. Ол мені киносына да түсірген емес», - деді ол.

Алайда журналист оның Баян Алагөзованың фильмінде эпизодтық рөлде ойнағанын еске салды.

Бұған жауап берген Аша Матай ол жағдайдың кездейсоқ болғанын айтты.

«Иә, эпизодқа түстім. Ол кезде сол рөлге актер табылмай қалыпты. Маған хабарласып, “SOS, көмектес” деді. Сөйтіп барып түсе салдым. Әрине, бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Бірақ қайтадан айтамын, екеуміздің жолымыз екі бөлек. Ол маған тәте ретінде, мен оған сіңлі ретінде қараймын. Бір-бірімізді қатты жақсы көреміз», - деді ол.

Сұхбат соңында журналист олардың ара-қатынасына қатысты нақтылай сұрағанда, Аша Матай Баян Алагөзовамен тату екенін растады.

Тэгтер:

#Шоу бизнес #Аша Матай #Депутат #Құрылтай #Баян Алагөзова