Саяси науқан қарсаңында қоғам назарын аударған негізгі тақырыптардың бірі – Ұлттық құрылтайға ұсынылған кандидаттар құрамы мен оны іріктеу үдерісінің ашықтығы. Биылғы науқанда партиялар өз съездерін ашық өткізіп, кандидаттар тізімін алдын ала жариялап, қоғаммен ашық байланыс орнатуға басымдық бергені байқалады. Бұл үрдіс қоғам белсенділері тарапынан да оң бағаланып, саяси жүйедегі өзгерістердің жаңа кезеңі ретінде сипатталуда.
Қоғам белсендісі Сабит Рысбаевтың айтуынша, соңғы уақытта партиялардың жұмысында ашықтық айқын сезіледі. Оның сөзінше, бұрын Құрылтайға ұсынылатын азаматтардың тізімі жабық болып, жұртшылық оны барлық рәсім аяқталғаннан кейін ғана көретін. Ал биыл кандидаттар құрамы алдын ала жарияланып, жаңа есімдердің пайда болуы қоғамның назарын аударып отыр.
Осы пікірді қоғам белсендісі Гүлнәр Қасым да қолдайды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде, әсіресе Instagram платформасында сайлауға қатысты ақпараттың айтарлықтай көбейгені байқалады. Бұрын бұл мәселеге аса мән бермегенін айтқан ол, биыл партиялардың съездері, кандидаттар тізімі және олардың сөйлеген сөздері ашық жарияланып жатқанын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жариялылық азаматтардың саяси үдерістерге қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қоғам белсендісі Қалиакбар Үсемханұлы да қазіргі саяси науқанның ерекшелігі ретінде ашықтық пен жаңаруға назар аударды. Оның айтуынша, әлемдік спорт додалары аяқталғаннан кейін елдегі саяси додаға кезек келіп, партиялар өз кандидаттарын жариялаған соң қоғам оларды белсенді талқылай бастады. Ол саясаттағы бәсеке де спорттағы жарыс сияқты елдің дамуына қызмет етуі тиіс екенін айтып, ең бастысы – кімнің жеңетіні емес, халықтың тұрмысын жақсартатын нақты өзгерістердің жүзеге асуы екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қалиакбар Үсемханұлы соңғы жылдары еліміздің саяси жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүзеге асып жатқанын, Парламент пен Ұлттық құрылтай жұмысының жаңа форматта дамып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұрынғы депутаттардың барлығы бірдей жаңа құрамға енбеуі, олардың шамамен 15 пайызы ғана ұсынылғаны жаңару үдерісінің көрінісі. Сондай-ақ ол әр партияның өз съезін ашық өткізіп, кандидаттар тізімін алдын ала жариялауы саяси ашықтық пен бәсекелестіктің жаңа кезеңге өткенін аңғартатынын жеткізді. Кандидаттар арасында саясатқа бұрын араласпаған жаңа есімдердің көп болуы қоғам қызығушылығын арттырып отырғанын, ал шетелдегі қандастардың да сайлау нәтижесінен оң өзгерістер күтетінін атап өтті.
Өз кезегінде қоғам белсендісі Ербол Мәндібек биылғы науқанда популистік ұстанымдағы тұлғаларға қарағанда кәсіби әрі тәжірибелі кандидаттарға басымдық берілгенін айтты. Оның пікірінше, кейбір партиялар танымал есімдерді көпшілік назарын аудару үшін ұсынғанымен, салмақты саяси институттар білікті әрі жауапкершілігі жоғары үміткерлерді таңдаған. Сондай-ақ ол жарияланған тізімдерде жаңа есімдердің, әсіресе жас әрі білімді мамандардың көп екенін атап өтіп, бұл Құрылтай құрамының сапалы жаңаруына негіз болады деген пікір білдірді.
Жалпы, қоғам белсенділерінің пікірлері биылғы саяси науқанның басты ерекшелігі ретінде ашықтықтың артуын, кандидаттар құрамының жаңаруын және азаматтардың саяси үдерістерге қызығушылығының күшейгенін көрсетеді. Сарапшылар мен қоғам өкілдері үшін ендігі негізгі мәселе – жарияланған реформалар мен кадрлық жаңарудың нақты нәтижеге ұласып, оның әсерін халықтың күнделікті өмірінен көру.