Қазақстандықтарға жаңа алаяқтық тәсілі туралы ескерту жасалды

Бүгін, 12:48 / Алуа Әшірбекова
Сурет ашық дереккөзден алынған

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) азаматтарды жеке деректері мен қаржысын қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Arasha.kzNewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, бүгінде ең жиі кездесетін киберқауіптердің қатарында фишингтік шабуылдар, зиянды бағдарламалар, құпиясөздерді бұзып кіру әрекеттері және түрлі интернет-алаяқтық схемалары бар.

Мамандардың айтуынша, қазір алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып жүр. Олар шынайы көрінетін жалған хабарламалар әзірлеп, адамның дауысы мен бейнесін айнытпай қайталайтын дипфейк технологияларын қолдану арқылы азаматтарды алдап соғуға тырысады.

Жеке деректерді қалай қорғауға болады?

• жеке мәліметтеріңізді және құжат көшірмелерін бөгде адамдарға бермеңіз;

• жеке куәлік, банк картасы немесе өзге де құпия ақпараттың фотосын ашық жарияламаңыз;

• құрамында жеке немесе қаржылық мәліметтер бар құжаттарды сенімсіз жасанды интеллект сервистеріне жүктемеңіз.

Аккаунттардың қауіпсіздігін қалай күшейтуге болады?

Мамандар әр сервис үшін күрделі әрі бірегей құпиясөз қолдануға, екі факторлы аутентификацияны қосуды және құпиясөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге жария етпеуді ұсынады.

Алаяқты қалай тануға болады?

Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен жағдайда:

• ақша аударуды немесе құпия ақпарат беруді талап ететін шұғыл өтініштерге сенбеңіз;

• бейтаныс адамдардың айтуымен ешқандай қосымша орнатпаңыз;

• күмән туындаса, ұйыммен тек ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз;

• құрылғыларыңыздың қауіпсіздігін тұрақты тексеріп, орнатылған қосымшалар мен банк операциялары туралы хабарламаларды бақылауда ұстаңыз.

Егер деректеріңіз алаяқтардың қолына түсті деп күмәндансаңыз

Мұндай жағдайда:

• барлық құпиясөзді дереу өзгертіңіз;

• банк картасын немесе қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігін уақытша бұғаттаңыз;

• банкке бірден хабарлаңыз;

• қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына арыз түсіріңіз.

Агенттік мемлекеттік органдардың, банктердің және басқа да қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы банк картасының деректерін, құпиясөздерді, SMS-кодтарды немесе өзге де құпия мәліметтерді сұрамайтынын еске салды.

Мамандардың айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау жеке деректердің сыртқа таралуы мен қаржыдан айырылып қалу қаупін едәуір азайтады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада қаза тапқан 20 жастағы студент Айсәуле Қанахқа қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Туыстарының айтуынша, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар қызды психологиялық қысымға алып, 1 миллион теңгеден астам қаражатты аударуға мәжбүрлеген. Кейін ол Есіл өзенінің жағасынан көз жұмған күйінде табылды. Марқұмның отбасы бұл оқиғаның өзіне-өзі қол жұмсау болғанына сенбейтінін айтып, жан-жақты тергеу жүргізуді талап еткен. Құқық қорғау органдары кейін ұрланған қаражат өткен шот иелерін анықтап, оларды ұстағанын мәлімдеді.

Тэгтер:

#Алаяқтық #Қазақстандықтар #жаңа алаяқтық тәсіл # жеке деректер #цифрлық қауіпсіздік