Әлеуметтік желіде BI Group компаниясы салған жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтердің қабырғалары жарылып, сылағы сөгіліп жатқан видео кеңінен тарады, деп хабарлайды Arasha.kz, Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде жарияланған кадрларда ішкі әрлеуі жаңа аяқталған пәтердің қабырғаларында терең жарықшақтар пайда болғаны көрінеді. Сондай-ақ жеделсаты есіктеріндегі зауыттық қорғаныш үлдірінің әлі алынбағанына қарағанда, ғимарат жақында ғана пайдалануға берілген.
Тұрғындардың айтуынша, қымбат бағаға сатып алынған баспананың мұндай күйі олардың алаңдаушылығын күшейткен.
«Жер сілкінісі болса не күйге түсеміз?» - деп алаңдайды тұрғындар.
Әлеуметтік желі қолданушылары құрылыс сапасына қатысты түрлі пікір білдіріп, тұрғындар ғимараттың қауіпсіздігін шұғыл тексеруді талап етуде.
Әзірге тараған ақпаратқа қатысты BI Group тарапынан ресми түсініктеме жарияланған жоқ. Тұрғындар құрылыс компаниясынан жағдайдың себебін түсіндіріп, тиісті сараптама жүргізуді сұрап отыр.