Үндістанда муссондық нөсер жауыннан кейін болған жойқын су тасқыны мен жер көшкіні салдарынан кемінде 28 адам қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлер - Нагаленд, Джамму және Кашмир штаттары. Қазіргі уақытта құтқару қызметтері қауіпті аймақтардан тұрғындарды эвакуациялап, іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Метеорологтардың болжамынша, алдағы бірнеше күнде елдің бірқатар өңірінде нөсер жауын толастамайды. Осыған байланысты экстремалды жауын-шашын қаупі сақталып отыр.
Қауіпті ауа райына байланысты Үндістан билігі Амарнат үңгірі мен Вайшно Деви ғибадатханасына ұйымдастырылатын дәстүрлі қажылық сапарларын уақытша тоқтатты. Бұл шешім ауа райы тұрақталып, бағыттардың қауіпсіз екені расталғанға дейін күшінде болады.
Билік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтап, қажеттілік болмаса қауіпті аймақтарға бармауға шақырды.