Солтүстік Қазақстан облысында 50 жастағы ер адам чечил ірімшігіне қақалып, асфиксия салдарынан клиникалық өлім жағдайына түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 103 қызметіне Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан «ер адам тұншығып жатыр» деген шақырту түскен.
Фельдшерлер тікелей ларингоскопия жасау кезінде ер адамның тыныс жолынан бөгде зат – чечил ірімшігін алып шыққан. Алайда науқастың тынысы қалпына келмей, есін жимаған.
Осыдан кейін медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды жалғастырып, интубациялық түтік арқылы тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз еткен, өкпені жасанды желдетуді жүргізіп, қажетті дәрілік препараттарды енгізген.
Науқасты ауруханаға жеткізу кезінде оның өздігінен тыныс алуы қалпына келген.