Тараздық әнші 6 сағатта 114 ән айтып, әлемдік рекорд жаңартты

Бүгін, 12:29 / Ахмет Қанатұлы
Бақыт Шағырбаев. Фото: видеодан скриншот

Тараздық дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев алты сағат бойы үзіліссіз 114 ән орындап, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Оның жетістігін Global Best of Records халықаралық ұйымының өкілдері ресми түрде тіркеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнерпаз концерт барысында әндерді баянмен өзі сүйемелдеген. Рекордтық кешке әншінің туған-туыстары, әріптестері және дәстүрлі өнерді сүйетін көрермендер жиналды.

Бақыт Шағырбаев бұл өнер көрсетуге бір жыл бойы дайындалғанын айтты.

"Негізгі мақсатым – қазақ әнін әлемге таныту"

Әншінің сөзінше, ол сахнаға рекорд үшін ғана шықпаған. Басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық аудиторияға таныту.

"Бағдарламада халық әндерімен қатар Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақановтың шығармалары және қырғыз әндері де бар", – деді Бақыт Шағырбаев.

Ол бір кештің ішінде 114 әнді толық орындады. Репертуарға қазақ композиторларының туындыларымен бірге онға жуық қырғыз халық әні де енгізілген.

Бұған дейін осы санаттағы рекорд 101 ән болған.

Рекордтың талаптары қандай болды?

Global Best of Records ұйымының Азия-Африка дивизионының рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергенов бұл жетістіктің күрделі талаптар бойынша тіркелгенін айтты.

Ережеге сәйкес, өнерпаз ән айтып қана қоймай, өзін музыкалық аспаппен өзі сүйемелдеуге тиіс. Ән мәтінін пайдалануға және фонограмма қосуға рұқсат берілмейді. Әр шығарма басынан соңына дейін толық орындалуы қажет.

Егер орындаушы ән сөзінен жаңылса, шығарманы тек бір рет қайта бастауға мүмкіндік беріледі.

35 жылын дәстүрлі өнерге арнаған

Бақыт Шағырбаев дәстүрлі ән өнерімен 35 жылдан бері айналысып келеді. Қазір оның репертуарында 400-ге жуық ән бар.

Өнерпаз шалғай ауылдарды аралап, тұрғындарға тегін концерт қоюды дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін ол 245 ауылда өнер көрсетіп, халықты қазақтың дәстүрлі ән мәдениетімен таныстырған.

"Көрерменнің ықыласын сезінгенде, бір жарым сағаттың қалай өткенін байқамай қаламын. Кейін келесі ауылға жол тартамыз. Кейде бір күнде үш елді мекенде концерт беруге тура келеді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамын", – деді әнші.

Жетістік халықаралық жинаққа енгізіледі

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл тіркелген әлемдік рекордтар арнайы халықаралық жинаққа енгізіледі.

Кітап жеті тілге аударылып, әлемнің 200-ге жуық еліне таратылады. Оның даналары ұлттық кітапханаларға да жолданбақ.

Ұйым өкілдері бұл жетістік қазақтың дәстүрлі ән өнерін шетелдік аудиторияға кеңінен танытуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Тэгтер:

Бақыт Шағырбаев