«Сынақты қабылдайсыздар ма?» - Димаш Құдайберген жанкүйерлерін сынауда

Бүгін, 12:43 / Алуа Әшірбекова
сурет ашық дереккөзден алынған

Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлеріне жаңа челлендж ұсынып, олардың белсенділігін сынамақ. Бұл туралы өнер иесі өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлемдік турнесі қарсаңында әнші әр елдегі фан-клубтардың қаншалықты белсенді екенін анықтағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, байқаудың нәтижесіне қарай келесі әні қай тілде орындалатыны белгілі болады.

«Сынақты қабылдайсыздар ма? Жақында менің әлемдік турнем басталады. Осы жазбаның астында қай елдің жанкүйерлері белсенділік танытса, жаңа әнімді сол елдің тілінде жазуды шештім. Пікірге өз елдеріңізді жазыңыздар, достарыңызды белгілеңіздер. Қай фандомның мықты екенін көрейік. Дайынсыздар ма? Кеттік!», - деп жазды әнші.

Жазба жарияланғаннан кейін көп ұзамай әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған пікір түсе бастады. Әсіресе Чили, Аргентина, Мексика, Бразилия, Таиланд, Ұлыбритания, Латвия және басқа да елдердің жанкүйерлері өз мемлекеттерін қолдап, пікір қалдыруда.

Осылайша, Димаш Құдайберген тыңдармандарын жаңа туындысының тағдырын бірге шешуге шақырып, әлемдік фан-қауымдастық арасында ерекше бәсеке ұйымдастырды.

Тэгтер:

#Димаш Құдайберген #Қазақстанның халық әртісі # әлемге танымал әнші #челлендж #фандом