Танымал блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында ажырасу мәселесіне қатысты жазба жариялап, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол заңды некені бұзу рәсімі туралы тәжірибесімен бөлісіп, ортақ бала немесе бірге жиналған мүлік болған жағдайда некені АХАТ (АХАЖ) бөлімі емес, тек сот арқылы бұзуға болатынын айтты.
«Ғайыптан тайып ажырасамын десеңіз, мен сияқты АХАТ-қа келіп әуре болып жүрмеңіздер. Егер ортада бала, ортақ дүние-мүлік болса, онда тек сот ажырастырады екен. Біліп жүріңдер», – деп жазды блогер.
Сондай-ақ Ырысбала Икрамбай бұл жағдайға байланысты өзіне хабарласып, ақыл айту немесе аяушылық танытудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
«Өмір ғой, бұны да көрейік. Қоңырау шалып, жазып, өтірік жанашырлық танытпаңдар. Өз ақылым өзіме жетеді», – деді ол.
Блогердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызып, оның расымен ажырасқалы жүргені туралы болжамдардың көбеюіне себеп болды. Алайда ол әзірге жағдайдың мән-жайына қатысты басқа ақпарат берген жоқ.