Мәскеуден Ясауи іліміне арналған XVII ғасырдағы сирек қолжазба табылды

Бүгін, 14:40 / Ахмет Қанатұлы
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ресей мемлекеттік кітапханасының қорынан Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен Ясауи тариқатының тарихына арналған XVII ғасырдағы сирек қолжазба анықталды. Бұған дейін ғылыми ортада кеңінен таныла қоймаған тарихи жәдігерді "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының мамандары тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қолжазба Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция кезінде анықталған.

Қолжазба Бұхарада жазылған

Туынды "Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин" деп аталады. Қазақша мағынасы – "Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі".

Бұхарада жазылған еңбек Ясауи мектебінің қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.

Қолжазбада сопылық ілімнің негізгі қағидалары, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері баяндалған.

Ясауи тариқатының рухани шежіресі қамтылған

Еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден басталып, Хакім ата, Зеңгі ата және тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіреге қатысты құнды мәліметтер берілген.

Мамандардың пікірінше, қолжазба Ясауи мектебінің өкілдері, олардың рухани байланысы және сопылық дәстүрдің Орталық Азияда таралуы туралы жаңа деректер ұсынуы мүмкін.

Қазіргі уақытта ғалымдар тарихи жәдігердің ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы кезеңде қолжазба мәтіні бұған дейін белгілі болған нұсқалармен салыстырылып, кешенді мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу аяқталғаннан кейін алынған нәтижелер ғылыми айналымға енгізілмек.

Тэгтер:

Қожа Ахмет Ясауи