Қазақстандық спортшы Фатима Ирназарова Эстония астанасы Таллинде өтіп жатқан жылжымалы нысана көздеуден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал Зухра Ирназарова қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ атудан өткен жеке сайыстың финалында Фатима Ирназарова Украина өкілі Виктория Рыбовалованы 6:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Үшінші орын үшін өткен бәсекеде Зухра Ирназарова Мажарстан спортшысы Бианка Барбара Фаркасн Кецелиден 6:4 есебімен басым түсті. Сонымен қатар қазақстандық мерген іріктеу кезеңінде 573 ұпай жинап, жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты.
Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынына бір алтын және бір қола медаль түсті.
Әлем чемпионатына 17 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр.