«Сұлулық тамшысы» медорталықтың жабылуына себеп болды

Бүгін, 11:31 / Алуа Әшірбекова
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Ақтауда жасарып, сырт келбетін жақсартуды көздеген тұрғынның шағымынан кейін жекеменшік медициналық орталықтың қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Arasha.kz, Halyqstan-ға сілтеме жасап.

Тұрғын сәнге айналған «сұлулық тамшысын» (кейде «Золушка тамшысы» деп те аталады) қабылдағаннан кейін нәтиже көңілінен шықпағанын айтып, жұмсаған қаражатын қайтаруды талап еткен. Алайда медициналық орталық оның талабын орындаудан бас тартқан.

Осыдан кейін әйел Фармацевтикалық бақылау департаментіне шағым түсірген.

Тексеру барысында медициналық орталықта Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген 238-ден астам дәрілік препараттың қолданылғаны анықталған. Олардың қатарында кеңінен жарнамаланатын «Золушка тамшысының» құрамдастары мен адам плацентасының гидролизатына негізделген препарат та болған.

Сот шешімімен медициналық орталық иесіне айыппұл салынып, мекеменің қызметі бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ заңсыз сақталған барлық дәрілік препараттарды жою туралы шешім шығарылды.

Тэгтер:

#Дау #Ақтау #Сұлулық #Медорталық #Шағым