Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтады. Екі ел президенті телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке бауырлас өзбек халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қазақстан басшысы Өзбекстан президентін парасатты әрі беделді көшбасшы деп атап, оның басшылығымен көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуда және халықаралық аренадағы беделін арттыруда елеулі жетістіктерге жеткенін айтты.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, екі мемлекеттің басшылары алдағы кездесулер кестесін қарастырды.
Шавкат Мирзиёев 1957 жылғы 24 шілдеде Өзбекстанның Жызақ облысындағы Заамин ауданында дүниеге келген. Бүгін ол 69 жасқа толды.