Қытай инвесторлары Президент Әкімшілігінен араша сұрады

Бүгін, 17:43 / Камила Дүйсен

Астанада қытайлық «Sin Yuan Steel» компаниясының өкілдері шұғыл брифинг өткізіп, Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратурадан өз ісіне араласуды сұрады. Инвесторлардың айтуынша, мәселе бір ғана кәсіпорынның төңірегіндегі дау емес. Олар құқық қорғау органдарының әрекеті Қазақстандағы инвестициялық ахуалға әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Даудың басы биылғы 6 мамырдан басталады. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнайы мақсаттағы бөлім қызметкерлері зауытқа анонимді хабарлама негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Компания өкілдерінің айтуынша, осы рейдтен кейін кәсіпорын жұмысы тоқтап, өндіріс процесі бұзылған.

Инвесторлар сот экономикалық сараптамасының қорытындысына сүйене отырып, кәсіпорынға келген тікелей шығын 179 миллион теңгені құрағанын айтады. Бірақ олардың сөзінше, мәселе мұнымен аяқталмаған.

Зауыттың шетелдік серіктестерінің бірі бірнеше сағат емес, тұтас бір тәулік бойы Шымкенттегі арнайы қабылдау орнында ұсталған. Компания мұның салдары ауыр болғанын айтады. Инвесторлардың мәліметінше, осы оқиғадан кейін шетелдік серіктес Қазақстанмен жасалған келісімдерін бұзып, ел экономикасына келуі тиіс 90 миллион доллар көлеміндегі тікелей инвестиция жүзеге аспай қалған.

Осы оқиғалардан кейін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі – лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Компания өкілдерінің айтуынша, алғашқы кезде істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті арнайы прокурорлардың жетекшілігімен тергеп келген. Алайда 15 шілдеде іс күтпеген жерден Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілген.

Дәл осы шешім қытайлық инвесторлардың алаңдаушылығын күшейткен. Компанияның тең құрылтайшысы Кэ Сююньнің пікірінше, мұндай жағдайда тергеудің әділ өтетініне сену қиын.

«Істі Ішкі істер министрлігіне беру арқылы бізге бір нәрсе анық көрсетілді: бізді ешкім қорғамайды. Бұл рейдті ұйымдастырған адамдар енді өз әрекеттерін өздері тергей ме? Бұл – ақылға қонбайтын жағдай әрі кінәлілерді жауапкершіліктен арашалап қалудың төте жолы», – дейді ол.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қозғалған істі қайтадан Ішкі істер министрлігі жүйесіне беру түсініксіз шешім көрінеді. Сондықтан компания бұл жерде мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деп есептейді.

Инвесторлар өздерін қылмыстық істі бір органнан екіншісіне беру емес, тергеудің объективтілігі көбірек алаңдататынын айтады. Олар кінәлі ме, жоқ па, оған тек тәуелсіз тергеу мен сот қана баға беруі керек деп санайды. Ал қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты қозғалған істі сол жүйенің өз құрылымының қарауына беру көптеген сұрақ туындатып отырғанын жеткізді.

Сондықтан компания өкілдері Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратурадан үш негізгі мәселені назарға алуды сұрап отыр.

Біріншіден, олар қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне беру туралы шешімнің күшін жойып, материалдарды қайтадан арнайы прокурорлар жетекшілік еткен ведомствоаралық тергеу тобына немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауына қайтаруды талап етеді.

Екіншіден, инвесторлар тергеуді ерекше бақылауға алып, Шымкент қаласы прокуратурасының қабылдаған шешімдеріне құқықтық баға беруді сұрайды.

Үшіншіден, олар Қазақстан заңнамасында көзделген барлық рәсімдердің толық сақталуына кепілдік берілуі тиіс деп есептейді.

Қытайлық кәсіпкерлердің айтуынша, бұл мәселе тек бір кәсіпорынның тағдыры емес. Егер мұндай даулар ашық әрі әділ қаралмаса, оның салдары Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отырған өзге шетелдік компаниялардың шешіміне де әсер етуі мүмкін.

Осы себепті инвесторлар өз мәселесін жергілікті деңгейде ғана қалдырмай, тікелей Президент Әкімшілігінің назарына жеткізуді жөн көрген.

Компания өкілдерінің айтуынша, қылмыстық істің Ішкі істер министрлігіне берілуі олардың алаңдаушылығын одан әрі күшейткен. Өйткені бұл іс дәл осы жүйенің қызметкерлеріне қатысты қозғалған.

Брифингте сөз сөйлеген компанияның адвокаты Марат Байзақов бұл шешімнің қалай қабылданғанын өздері де кеш білгенін айтты.

– Қызығы сол, бұл қаулыны бізге ешкім бермеген. Біз оны журналистер мәселені көтергеннен кейін ғана қолымызға алдық. Қоғам назар аударған соң ғана Президент Әкімшілігі бізді қабылдады. Бірақ құқықтық мемлекетте азаматтар мен инвесторлар әділдікке жету үшін міндетті түрде шу көтеруі керек пе? Заң бәріне бірдей жұмыс істеуі тиіс емес пе? – деді адвокат.

Оның айтуынша, инвесторлар қазір істің кімнің пайдасына шешілетінін емес, оның әділ әрі ашық тергелгенін қалайды.

Адвокаттың сөзінше, кәсіпорынның шеккен шығыны ресми сараптамамен дәлелденген.

– Қазірдің өзінде сот сараптамасы кәсіпорынға 179 миллион теңгеден астам шығын келгенін растады. Ал бұл тек тікелей материалдық шығын. Бұдан бөлек, жүзеге аспай қалған инвестициялық жоба бар. Оның көлемі – 90 миллион доллар. Бұл Қазақстан экономикасы үшін де аз ақша емес, – деді Марат Байзақов.

Ол шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтты.

– Бүгінде бізге Қытайдан да, басқа мемлекеттерден де хабарласып жатыр. Олар бір ғана сұрақ қояды: «Егер мемлекеттік инвестордың өзі осындай жағдайға тап болса, онда Қазақстанға келудің қаншалықты қауіпсіз екеніне қалай сенеміз?» дейді. Бұл енді бір ғана кәсіпорынның мәселесі емес, елдің инвестициялық беделіне әсер ететін жағдайға айналып отыр, – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, компания бұл іске құқықтық тұрғыдан соңына дейін баруға ниетті.

– Біз барлық заңды мүмкіндікті пайдаланамыз. Егер қажет болса, мемлекеттен келтірілген материалдық және моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап-арыз да береміз. Өйткені біздің серіктесіміз ешқандай заңсыз әрекет жасамаса да арнайы қабылдау орнында ұсталды. Мұның өзі адамның абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді, – деді Марат Байзақов.

Компания өкілдері бүгінгі талаптарының негізгі мақсаты – біреуді жазалау емес екенін де ерекше атап өтті. Олар ең алдымен тергеудің тәуелсіз жүргізіліп, барлық процесс заң аясында өтуін қалайды.

Сондықтан инвесторлар Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратурадан істі қайтадан арнайы прокурорлардың бақылауына беруді, қабылданған шешімдерге құқықтық баға беруді және тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз етуді сұрап отыр.

Қытайлық кәсіпкерлердің пікірінше, бұл істің қалай аяқталатынын тек өздері ғана емес, Қазақстанмен жұмыс істеуді жоспарлап отырған өзге де шетелдік инвесторлар бақылап отыр. Сондықтан олар қабылданатын шешім елдің инвестициялық беделіне тікелей әсер етеді деп есептейді.

 

Тэгтер:

шымкент инвестор Қытай инвесторы металлургия зауыты