Дариға Бадықова өз өмірі туралы деректі фильм түсірмек

Бүгін, 13:04 / Алуа Әшірбекова
Скриншот

Қазақстандық танымал актриса Дариға Бадықова өз өмірі туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Актрисаның айтуынша, көпшілік экраннан көретін бейненің ар жағында көпшілік біле бермейтін шынайы өмір бар. Сондықтан ол өмірлік ұстанымдарын, қабылдаған шешімдерінің себебін және ішкі жан дүниесін көрерменге ашық жеткізгісі келеді.

«Бірақ экраннан көрінбейтін өмір бар. Менің өмірге деген көзқарасым көп адамдікінен өзгеше болуы мүмкін. Кейбір ойларымды ашық айтсаң, сені бірден түсіне бермейді. Сондықтан кейде үнсіз қалуды таңдайсың. Бірақ бір нәрсеге сенімдімін - осы күнге дейін мені алып келген өз принциптерім. Олар мені ешқашан жаман жолға бастаған жоқ. Керісінше, кім екенімді жоғалтпай өмір сүруге үйретті», - деп жазды актриса.

Дариға Бадықова бұл жобаның мақсаты өзін ақтау немесе жақсы қырынан көрсету емес екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, фильмде ешқандай жасандылық болмайды.

«Сол себепті мен өз өмірім туралы деректі фильм түсіргім келеді. Әдемі көріну үшін емес. Ақталу үшін емес. Экрандағы образдың артында қандай адам тұрғанын, қандай ойлармен өмір сүретінімді, неге дәл осындай шешімдер қабылдайтынымды көрсеткім келеді. Фильмде ешқандай рөл ойнамаймын. Тек өзім боламын», -  деді ол.

Айта кетейік, Дариға Бадықова әлеуметтік желіде жаңа фильмнің алдын ала көрсетілімінен алған әсерімен бөлісіп, көз жасына ерік берген видеосын жариялаған. Актриса бұл туындының сценарийі мен драматургиясы өте мықты екенін айтып, көрерменмен тезірек қауышуын асыға күтетінін жеткізді.

Тэгтер:

#Шоу бизнес #Дариға Бадықова #деректі фильм #Кино #Актриса