«Тым ыңғайлы әйел болған екенмін»: Жазира Байырбекова жан сырын ақтарды

Бүгін, 13:14 / Алуа Әшірбекова
сурет: Paryz.kz

Қазақстандық әнші Жазира Байырбекова отбасылық өміріне қатысты ашық пікір білдіріп, өзін «тым ыңғайлы әйел болғанын» айтты, деп хабарлайды Arasha.kz, Paryz.kz-ке сілтеме қалдырып.

Өнер иесінің айтуынша, ол тұрмыста жүрген жылдары күйеуінен ешқашан материалдық дүние талап етпеген. Бос уақытын достарымен емес, отбасына және жұмысына арнағанын жеткізді.

«Мен көп нәрсені дұрыс жасамаппын. Қазіргі жастардың іс-әрекеттеріне қарасам, мен тым ыңғайлы әйел екенмін. Күйеуімнен ешқашан материалдық ештеңе сұрамаппын. Қыздармен қыдырып, күйеуімсіз достармен бас қосып көңіл көтермеппін. Жұмысыма, отбасыма арнадым уақытымның бәрін. Әйелдің міндеті, еркектің міндеті демей, ауырды да, жеңілді де бірге көтеріппін. Өзімді бірінші орынға қоймай, күйеуімді бірінші орынға қойып, әр шешім қабылдарда оның көзімен қарап, қалауына мән беріппін», - деді әнші.

Жазира Байырбекова сондай-ақ маңызды отбасылық шешімдерде көбіне жұбайының пікіріне сүйеніп келгенін айтты.

«Маған қаталдық көрсетіп, ренжіткендерді де құрметтеп, сыйлап, кешіріп, түсінуге тырысыппын. Ойлана келе, қазіргі жеткен жетістіктерімнің барлығы осы күнге дейін бәрін дұрыс жасамағанымның нәтижесі сияқты. Бірақ өмірлерін құртып алып жатқан жас отбасылар да аз емес. Кейде кей нәрселерді дұрыс жасамаған да пайдалы. Аллаға шүкір», - деп түйіндеді ол.

Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілігі оның отбасылық өмірге қатысты көзқарасына әртүрлі пікір білдіруде.

Тэгтер:

#Жазира Байырбекова #Қазақстандық әнші #отбасылық өміріне #жұбайы #ыңғайлы әйел