Эльбруста бір тәулікте алты альпинист мерт болды

Бүгін, 13:37 / Ахмет Қанатұлы
Құтқарушылар. Иллюстрациялық фото: РФ ТЖМ

Эльбрус тауында бір тәулік ішінде алты альпинист қаза тапты. Марқұмдардың арасында Босния және Герцеговинадан келген туристер мен Ресей азаматы бар, деп хабарлайды Arasha.kz.

РБК мәліметінше, Босния және Герцеговинадан келген жеті адамнан құралған топ 24 шілдеде Эльбрусқа көтеріле бастаған. Келесі күні кешке ауа райы күрт нашарлап, альпинистер бағытынан адасып кеткен.

Топ мүшелерінің бірі төмен түсіп, 5100 метр биіктікте екі адамның жағдайы нашарлап, көз жұмғанын хабарлаған. Кейін құтқарушылар олардың денелерін тауып, эвакуациялады.

Іздестіру кезінде Босния және Герцеговинадан келген тағы бір турист тірі табылды. Алайда көп ұзамай топтың қалған үш мүшесінің де мәйіті анықталды. Осылайша жеті альпинистің екеуі ғана аман қалған.

Бұдан бөлек, Эльбруста басқа топтың құрамындағы тағы бір альпинист қаза тапқан. ТАСС дерегінше, бұл топтың мүшелері Ресейдің Ставрополь өлкесі мен Тула облысынан келген. Олардың біреуі шыңға көтерілу кезінде мерт болған.

Қайғылы жағдайлардың нақты себептері анықталып жатыр.

Тэгтер:

тау альпинист