Татарстанда көлік ағашқа соғылып, алты адам қаза тапты

Бүгін, 15:32 / Ахмет Қанатұлы
Көрнекі фото: Anton Skripachev / Getty Images

Татарстанның Зеленодольск қаласында жеңіл көлік ағашқа соғылып, кейін өртеніп кетті. Жантүршігерлік жол апатынан жүргізуші мен бес жолаушы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, автомобильде 15–16 жастағы жасөспірімдер болған. Апаттан тек 15 жастағы бір бала аман қалды. Денесінің шамамен 30 пайызын күйік шалған жасөспірім ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлердің мәліметінше, оның есі кіресілі-шығасылы емес, алайда қатты күйзелісте болғандықтан, оқиға туралы әзірге толық жауап бере алмаған.

Қаза тапқандардың денелері қатты күйіп кеткендіктен, олардың жеке басын анықтау үшін генетикалық сараптама тағайындалды.

Татарстан прокуратурасының хабарлауынша, апат 24 шілдеге қараған түні Зеленодольск қаласындағы Волжская көшесінде болған. Оқиға орнына қалалық прокурор Дмитрий Ерпелев барып, тексеру жұмыстарын бақылауға алған.

Адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейінірек құқық қорғау органдары көлікті жүргізуші куәлігі жоқ 30 жастағы ер адам басқарғанын мәлімдеді.

Қазір жергілікті тұрғындар қайғылы оқиға болған жерге гүл қойып, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып жатыр.

Тэгтер:

жол апаты татарстан