«Бұл - ана жүрегі үшін ерекше сәт»: Алтынай Жорабаева қуанышты хабарымен бөлісті (ВИДЕО)

27 шілде, 2026 / Алуа Әшірбекова
Сурет ашық дереккөзден алынған

Қазақстандық әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында қызы Айарудың сырға салу және құдалармен таныстыру рәсімінен әсерлі видеолар жариялап, қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнер иесі жаңа құдаларын ақ дастархан басында қарсы алып, осындай қуанышты күнге жеткізген Аллаға шүкіршілік етті.

«Алланың қалауымен жаңа құдаларымызға есік-төр көрсетіп жатырмыз. Осындай қуанышты күнге жеткізген Раббыма шүкір. Дастарханымыз берекелі, дастық қарым-қатынасымыз ғұмырлы, екі әулеттің арасы сыйластық пен татулыққа толы болсын. Әумин!», - деп жазды әнші.

Кейін Алтынай Жорабаева қызы Айаруды құдаларына көрсетіп, болашақ күйеу баласына төс тарту дәстүрі орындалғанын айтты.

«Қызымызды құдаларымызға көрсетіп, күйеу баламызға төс тарттық. Дәстүріміздің әр сәті - береке мен сыйластықтың белгісі. Алла екі жасқа бақытты ғұмыр нәсіп етсін», - деді ол.

Сондай-ақ әнші қызының сырға салу рәсімі өткенін айтып, бұл сәттің ана жүрегі үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.

«Міне, Аллаға шүкір, қызым сырғалым атанды. Бұл - ана жүрегі үшін ерекше сәт. Алла екі жасқа татулық, береке, ұзақ ғұмыр мен иманды ұрпақ нәсіп етсін», - деп жазды Алтынай Жорабаева.

Тэгтер:

#Сырға салу #Қазақстандық әнші #Алтынай Жорабаева #құдалар