Қытайдың Шанхай қаласында өткен Халықаралық математикалық олимпиадада (International Mathematical Olympiad, IMO) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 117 елінен 700-ге жуық дарынды оқушы қатысты. IMO - әлемдегі ең көне әрі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, күміс жүлдені Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Алматыдағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы және Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейғанов иеленді.
Ал қола медаль Алматыдағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбекке, Астанадағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарелге және Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірлан Аманжоловқа бұйырды.
Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1992 жылдан бастап тұрақты түрде қатысып келеді.
Осы уақыт ішінде ұлттық құрама олимпиадаға 34 рет қатысып, жалпы 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль, сондай-ақ 30 Құрмет грамотасын жеңіп алған. Биылғы нәтиже қазақстандық оқушылардың халықаралық білім додаларындағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.