"Қазақтың соңғы самурайы": Арон Атабектің қызы марқұм әкесін еске алды

Бүгін, 11:38 / Ахмет Қанатұлы
Арон Атабек. Фото: odfoundation.kz

Ақын әрі қоғам қайраткері Арон Атабектің қызы Алма Нутушева марқұм әкесіне арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында 2021 жылдың қазан айында әкесімен болған әңгімесін еске алды. Айтуынша, сол кезде Арон Атабек қызына бірнеше рет екі дүниеде де оның қорғаны болатынын айтқан.

"Екі дүниеде де сені қорғаймын, қызым!" – 2021 жылдың қазанында бұл сөзіңді сенен бірнеше рет естідім. Мұны есту қорқынышты еді, сенгім келмеді. Менің абдырап қалғанымды көріп: "Тағы 15 жыл өмір сүрсем, осы елді аяғынан тұрғызар едім", – дейтінсің. Содан кейін қай дүниеде болсам да, менің қорғаным болатыныңды тағы айтатынсың. Мен саған сенемін. Өйткені оны сеземін", – деп жазды ол.

Ақынның қызы әкесін қатты сағынатынын айтып, арада бірнеше жыл өтсе де, көңіліндегі қайғының басылмағанын жеткізді.

"Сені сағындым, әке... Менің соңғы қазақ самурайым! Бес жылға жуық уақыт өтіп барады. Бірақ сен бұл дүниеден бүгін ғана кеткендей, жанымдағы жара әлі де жаңа", – деді ол.

Тэгтер:

Алма Нутушева Арон Атабек