Алматыда мүмкіндігі шектеулі қызға зорлық жасалған

Бүгін, 16:16 / Алуа Әшірбекова
Сурет: скриншот

Алматы тұрғыны 26 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызына қатысты зорлық жасалғанын айтып, құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Arasha.kzКТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызы интернет арқылы танысқан Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғынымен кездескен. Әйелдің сөзінше, ер адам қызды таксимен Алматыдағы жалдамалы пәтерге шақырып, онда бір тәулік бойы ұстап, бірнеше рет зорлық көрсеткен.

Анасының мәліметінше, қызына бала кезінен эпилепсия мен ақыл-ой дамуының бұзылуы диагнозы қойылған. Оның айтуынша, дәрігерлер қыздың зорлық көргенін растаған, ал жәбірленушіге кейін ота жасау қажет болған.

Сондай-ақ әйел күдіктінің туыстары істі тоқтату үшін ақша ұсынып, тіпті жастарды некелестіруді ұсынғанын айтты.

Алайда Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық істің құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, жәбірленуші тараптың айтқан уәждері расталмаған, ал бұл шешім прокуратурамен келісілген.

Соған қарамастан жәбірленушінің анасы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, істі сотқа дейін жеткізу үшін күресін жалғастыратынын мәлімдеді.

Тэгтер:

#Полиция #Алматы тұрғыны #мүмкіндігі шектеулі қыз #эпилепсия