Жақсылық Сабитов: Бейбітшілікке үндеу – Қазақстанның тұрақты ұстанымы

Бүгін, 18:06 / Камила Дүйсен

Қазақстанның бейбітшілікке негізделген сыртқы саясаты халықаралық аренада тағы бір мәрте айқын көрінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатып, келіссөздерге қайта оралу туралы бастамасы елдің тұрақты ұстанымын тағы бір мәрте паш етті. Бұл бастама Қазақстанның неге делдал болуға ұмтылмайтынын, бірақ бейбіт диалогты қолдауды жалғастыра беретінін де көрсетті. Орта державалардың жаһандық қауіпсіздіктегі рөлі күшейіп отырған кезеңде Қазақстанның ұстанымы нені білдіреді? Осы және өзге де мәселелер туралы саясаттанушы, профессор Жақсылық Сабитов пікір білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы қақтығысты тоқтатып, келіссөздер үдерісіне қайта оралу туралы бастамасын халықаралық саясат тұрғысынан қаншалықты батыл әрі маңызды қадам деп бағалауға болады?

– Иә, мұны белгілі бір деңгейде батыл қадам деп бағалауға болады. Себебі Қазақстан Президенті Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты еліміздің ұстанымын ашық жариялап, қақтығысты тоқтатып, келіссөздерге қайта оралу қажеттігін мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме Ресей тарапынан белгілі бір деңгейде сын мен наразылық тудырғаны да жасырын емес.

Сонымен қатар Президент көтерген ұстанымдар халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі қолдайтын қағидаттарға негізделген. Яғни бұл – халықаралық құқықты сақтау, соғысты тоқтату және дауды дипломатиялық жолмен шешу қажеттігі туралы көпшілік мойындаған көзқарас. Сондықтан айтылған пікірлердің өзі тосын немесе радикалды емес.

Алайда Қазақстанның геосаяси жағдайын, Ресеймен тығыз экономикалық және саяси байланысын ескерсек, мұндай ұстанымды ашық жариялау сақтықты талап ететін шешім болды. Сол себепті бұл мәлімдемені Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатын сақтай отырып жасалған батыл дипломатиялық қадам ретінде бағалауға негіз бар.

– Президент Қазақстанның бұл мәселеде делдал болуға ниетті емес екенін де мәлімдеді. Бұл ұстаным нені білдіреді және ол Қазақстанның бейбітшілікке шақыру саясатымен қалай үйлеседі?

– Қазақстанның делдал болуға ұмтылмауы, ең алдымен, еліміздің бұл қақтығыста өзін екі тараптан да бірдей қашық тұрған бейтарап мемлекет ретінде қарастырмайтынымен байланысты. Қазақстанның Ресеймен тарихи, экономикалық және саяси байланысы әлдеқайда тығыз, ал Украинамен мұндай деңгейдегі қарым-қатынас жоқ. Сондықтан тиімді делдал болу үшін екі тарапқа да тең дәрежеде сенімді әрі бейтарап болу маңызды.

Қазақстан өзінің геосаяси жағдайы мен мүмкіндіктерін жақсы бағалайды. Осыған байланысты ел басшылығы бұл қақтығыста делдал рөлін атқаруға қолайлы жағдайда емес екенін түсінеді. Сондықтан Қазақстанның делдал болудан бас тартуы – объективті әрі шынайы ұстаным. Өйткені қақтығыс тараптарынан бірдей қашық болмаған жағдайда мұндай миссияны атқару қиын. Оның үстіне, делдалдық келіссөздердің нәтижесіне қатысты белгілі бір саяси жауапкершілік пен тәуекелді де өз мойнына алуды талап етеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанның негізгі ұстанымы өзгерген жоқ: соғыс ешбір тараптың мүддесіне қызмет етпейді. Ол Ресейге де, Украинаға да зиян келтіріп отыр. Сондықтан ең басты мәселе – қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерге жол ашу. Ал Қазақстанның делдал болудан бас тартуы осы жағдайды салқынқанды бағалаудан туған, түсінікті әрі негізді шешім.

– Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан сияқты орта державалардың халықаралық қауіпсіздік мәселелеріндегі рөлі қаншалықты маңызды? Әлемнің жетекші державалары мұндай елдердің бастамаларына қаншалықты мән береді?

– Иә, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде орта державалардың рөлі айтарлықтай артты. Егер Қырғи қабақ соғыс кезеңінде әлемдік саясаттағы негізгі шешімдер көбіне екі ірі держава – Кеңес Одағы мен АҚШ-тың ықпалымен қабылданса, кейін ядролық қаруы бар мемлекеттер санының көбеюі халықаралық қатынастардағы күштер тепе-теңдігін өзгертті.

Дегенмен бүгінде ядролық қару ең алдымен тежеу құралы ретінде қарастырылады. Оның негізгі мақсаты – шабуыл жасау емес, қауіптің алдын алып, қарсы тарапты тежеу. Сондықтан қазіргі кезеңде мемлекеттің халықаралық ықпалы тек әскери әлеуетпен немесе ядролық қарудың болуымен өлшенбейді. Экономиканың қуаты, ішкі нарықтың әлеуеті, дипломатиялық белсенділік және халықаралық бастамалар ұсыну қабілеті де шешуші факторларға айналды.

Осы тұрғыдан алғанда, Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан бері орта державалардың халықаралық саясаттағы маңызы тұрақты түрде өсіп келеді. Меніңше, бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасады. Орта державалардың жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық күн тәртібін қалыптастырудағы ықпалы бұрынғыдан да күшейе түседі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тэгтер:

саясат бітімгерлік