23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңа жоғары өкілді органды қалыптастырумен ғана шектелмей, Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі дамуы үшін де маңызды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Беларусьтік сарапшы Вадим Гигиннің пікірінше, жүргізіліп жатқан өзгерістер тарихи дәстүрлер мен қоғамның заманауи сұраныстарының өзара сабақтастығын көрсетеді.
Сайлау жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істейтін Құрылтайдың құрамын айқындайды. Дауыс берудің маңызы депутаттық корпусты қалыптастырумен қатар, заң шығарушы биліктің жаңа құрылымына көшуімен де байланысты.
Алдағы сайлауға осындай бағаны Беларусь Ұлттық кітапханасының бас директоры, саясаттанушы, тарихшы, публицист және Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Адам құқықтары, ұлттық қатынастар және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Вадим Гигин берді.
«Қазақстандағы Құрылтай сайлауы, сөзсіз, тек ел үшін ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігі үшін маңызды саяси оқиға», – деді Вадим Гигин.
Жүйелі реформалардың мазмұнына тоқталған сарапшы Қазақстанның саяси жүйесінің өзіндік даму жолын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ел мемлекеттік институттарды өз тарихи тәжірибесін, ұлттық ерекшеліктері мен қоғамның сұраныстарын ескере отырып қалыптастырып жатыр. Бұл ретте шетелдік үлгілерді сол күйінде көшірумен шектелмейді.
Сарапшы Қазақстанның саяси өміріне «Құрылтай» ұғымының қайта оралуына да ерекше назар аударды. Бұл атау мемлекет пен қоғам өміріндегі ең маңызды мәселелерді бірлесіп талқылау және шешім қабылдау дәстүрімен тығыз байланысты.
«Құрылтай атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Қазақстан халқы ұрпақтар сабақтастығын ғана емес, тұтас тарихи дәуірлердің жалғастығын және сонымен бірге болашаққа ұмтылысты білдіретін Құрылтайға қайта оралып отыр», – деп атап өтті Вадим Гигин.
Сарапшының пікірінше, Құрылтай ұғымының өзі тарихи мұра мен мемлекеттік институттардың қазіргі даму кезеңі арасындағы байланысты айқындай түседі. Құрылтай өзінің символдық мәнін сақтай отырып, нақты өкілеттіктері мен жауапкершілігі бар заң шығарушы органға айналып отыр.
Вадим Гигин жүргізіліп жатқан өзгерістердің қазақстандық қоғамда қалыптасқан жаңа үрдістерге сай келетінін де атап өтті. Оның бағалауынша, өкілді органның жаңа құрылымы азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуының және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың қалыптасқан тетіктерін ескереді.
«Қазақстанның саяси жүйесі оңтайландырылып, қазіргі қазақстандық қоғамның талаптарына жақындай түсуде. Азаматтар үшін қалыпты әрі үйреншікті қоғамдық қатысу тетіктері осы реформада өз көрінісін тапты», – деп түйіндеді сарапшы.
Алдағы сайлау жаңа жүйенің іс жүзінде жүзеге асуына жол ашады. Сайланған депутаттар қоғам мүддесін білдіріп, заң шығару қызметімен айналысады және мемлекеттік институттарды одан әрі нығайтуға атсалысады.